Хабар телеарнасы

Енді мемлекеттік сатып алулар рейтингтік-балдық жүйемен жүргізіледі

Электрондық дүкен тауар жеткізушілерге рейтингті автоматты түрде беретін болады. Сәйкесінше баға мен сапа критерийлері сақталады. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу 30 күнге дейін, ал тікелей өнім берушіні таңдау 5 күнге дейін қысқарады. Бұған дейін оның ұзақтығы 1,5 ай еді. Заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенаттың бірінші оқылымында қолдау тапты. Енді екінші оқылымға жіберілді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атқарушы органдардың бірінші басшылары мен облыс әкімдері конкурстық комиссия төрағалары етіп тағайындалмайды. Яғни саяси лауазымдағы қызметкерлер процеске араласпайды. Жүйені орталықтандырылған орган басқарады. Сондай-ақ конкурстық сатып алу талабы шектеледі.

Еділ Мамытбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша 2020 жылы жалпы сомасы 5,9 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алу келісімдері жасалған. Соның ішінде 2,4 трлн теңге бір көзден тікелей шарт арқылы жасалды. Бұл мемлекеттік сатып алулардың 40% құрайды.