Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығы сәтті дамып келеді

Әзербайжан Милли Мәжілісінің Спикері Сагиба Гафарованы қабылдау барысында Мемлекет басшысы осындай баға берді. Кеше аяқталған ТүркПА отырысында Түркістан декларациясы қабылданған болатын. Стратегиялық құжаттың маңызды тармағы – Президенттің саяси реформаларын қолдау. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың қазіргі қарқынына да тоқталды. Ал Милли Мәжіліс Спикері ТүркПА жұмысының қорытындыларын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Соңғы жылдары мемлекетаралық ынтымақтастығымыз сәтті дамып келеді. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен әрдайым байланыстамын. Біз елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы үнемі пікір алмасамыз. Кейінгі жылдары парламенттік дипломатия бірте-бірте саяси маңызға ие болып келеді. ТүркПА-ның жуырда өткен отырысының қорытындылары – мұның анық дәлелі.

Сагиба Гафарова, Әзербайжан Милли Мәжілісінің Спикері:

- Біз Ассамблеяның жұмысына атсалысқанымызға өте қуаныштымыз. Қазақ халқының рухани орталығы – Түркістанда болған екі күн ішінде онда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға куә болдық. Көргеніміздің бәрі бізді қатты тамсандырды. Әзербайжан мен Қазақстан – бауырлас мемлекеттер. Бізді түркілік тамырымыз, ортақ мәдениетіміз бен дәстүріміздің ұқсастығы сияқты көп дүние біріктіреді. Сонымен қатар Әзербайжан мен Қазақстан – стратегиялық серіктестер.