16:00Әрі қарай: Телесериал «Клад могилы Чингисхана»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Президенттің қатысуымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезі өтті

  • Категория: Саясат
Президенттің қатысуымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезі өтті

Келер жылы еліміздегі салық төлеушілердің ашық деректер базасы іске қосылады.

Мемлекет басшысының қатысуымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезі өтіп, онда бизнестің бірқатар түйткілі көтерілді.

2030 жылға қарай еліміздегі жұмыс күшінің үштен бір бөлігі цифрлық дағдыларды меңгерген және ерекше қабілетті жастар болуға тиіс. «Сондықтан Үкімет кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, кадрларды әзірлеудің ұзақмерзімді бағытын айқындауы қажет», - деді Президент.

Бес жыл бұрын біздегі шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 24% болатын. Қазір 32-ге жетіпті. Сала 3,5 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл көрсеткішке жетуде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының үлесі зор. Палата қазір бизнес-қауымдастықтың алып қорғанына айналды. Бизнестің мүддесін тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де қорғап жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кәсіпкерлер палатасы құрылған күннен бастап Үкіметтің сенімді серіктесіне айналды. Іргелі ұйым еліміздің орнықты дамуына үлес қосып келеді. Мұның бәрі – Үкімет пен «Атамекен» палатасының бірлескен тиімді жұмысының нәтижесі. Әлемге тараған індет былтырдан бері еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтірді. Қиын сәтте мемлекет бизнес саласына жан-жақты қолдау көрсетті.

Ең алдымен, дағдарысқа қарсы шаралардың үш топтамасы жүзеге асырылды. Оның жалпы құны 6 триллион теңгеден асады. Бұл қаржы кәсіпкерлікті қалпына келтіріп, бизнесті жаппай банкротқа ұшыраудан сақтап қалды. Енді толық іске қосылған осы нысандар қауіпсіздік талаптарын сақтағаны жөн. Президент вакциналауға түсіністік танытып, қолдау көрсетуге шақырды. «Сондай-ақ бизнестің белсенділігін арттыру үшін жаңа реттеуші саясат қажет», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің тапсырмаммен Парламент Мәжілісі басынан бастап реттейтін заң жобасын енгізді.  Бұл дегеніміз – қазіргі екі талаптың орнына бір жаңасын енгізу. Мысалы, шектен тыс реттеуге жол бермеу үшін арнайы талаптар реестрін жасау, апелляция институтын енгізу, яғни тиімсіз талаптарды соттың қатысуынсыз қайта қарайтын механизмдер керек. Заң жыл соңына дейін қабылдануға тиіс.

Елде шағын және орта бизнес саны өскенімен, орташа компаниялардың үлесі төмен. Бәсекеге қабілетті бола тұра шағын бизнестен орта санатқа көшу мәселесі шешімін таппай келеді. Сондықтан Президент Үкімет пен палатаға бұл мәселені бірлесіп шешуді тапсырды. Сондай-ақ қазақстандық өнімді дамыту экономикалық саясаттағы басымдықтың бірі болып қала береді. Отандық өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң қабылданатын болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өздеріңізге мәлім, бизнестің маған жасаған өтініштері негізінде 2023 жылдан бастап еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем жасау жүйесін енгізу туралы шешім қабылдадым. Шағын және орта бизнеске түсетін жүктеме 34%-тен 25%-ға дейін азаяды. Мұндай тәсілді өзін-өзі жұмыспен қамтитын кәсіпкерлерге қатысты да қолдану қажет. Біз салық процесін басқаруды жеңілдетіп, бірыңғай төлем жасау мүмкіндігін қарастырғанымыз жөн. Бұл бизнесті «көлеңкелі аймақтан» шығуға ынталандырады.

Келер жылдың шілдесінен бастап салық төлеушілердің ашық деректер базасы іске қосылды. Сондай-ақ жер учаскелері мен құрылыстың негізгі жоспарларын, қуат көздері мен коммуникациялық ақпараттардың цифрландыру да күн тәртібінде тұр. Өйткені онсыз бизнесті жүргізу мүмкін емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аймақтық деңгейдегі жұмыстар белгілі себептерге байланысты шегерілуде. Басты себеп – танымал компанияларға болысу, оларға басымдық беру. Ал шағын және орта бизнестің жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмейді. Үкіметке бұл мәселені Цифрландыру комиссиясының алдағы отырысында қарастыруды тапсырамын. Әрбір әкім есеп беруге тиіс. Үкімет қатаң бақылап, жұмысты үйлестіруге міндетті.

Қазір климаттың өзгеруіне байланысты әлем елдері көміртегіден бейтарап ел болуға ұмтылуда. Ал Қазақстан – әлемдегі энергияны көп тұтынатын елдердің бірі. Энергия теңгерімінің 70%-ін көмір генерациясы құрайды. Бірақ әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуға ниетті екенін мәлімдеді. Осы мәселе бізден технологиялық және экономикалық түбегейлі құрылымдық өзгерістерді талап етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осыған байланысты Үкімет халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, 2060 жылға қарай көміртегін аз пайдаланушы ел болу тұжырымдамасын пысықтауда. Аталған жұмыс барысында отандық бизнестің көзқарасы мен пікірі аса маңызды. Сондықтан Палата мен барша бизнес қауымдастықты осы тұжырымдаманың жобасын әзірлеуге белсенді араласуға шақырамын.

Съезд соңында Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті дамыту және нығайту мемлекет үшін басты басымдық бола беретінін атап өтті.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Бақытбек Нұртаев

Сондай-ақ...