Хабар телеарнасы

Ел дамуының алтын діңгегі

Ел дамуының алтын діңгегі

Шартараптың түкпір-түкпіріне көз жүгіртсеңіз, бұл пікірдің мызғымас аксиома екеніне көз жеткізесіз. Әлем Францияны – Париж, Англияны – Лондон, Италияны Рим арқылы таниды. Қазақстан да жер-жаһанға елордасы – Нұр-Сұлтан қаласымен танылған. 
Бүгінде астанамыз ұлты­мыз­дың ұясына, азаттық аңсаған елдің символына айналды. Кезінде Әлихан Бөкейхандар Алаштың орталығы етуді көздеген Қара­өт­келдің тұсынан аспанмен талас­қан зәулім ғимараттары бар көз тартар шаһар бой көтерді.
Талайды тамсандырған таңға­жайып шаһардың бір күнде пайда болмағаны белгілі. Кеңес дәуірінде «Мәскеу бір күнде тұр­ғы­зылған жоқ» деп айтушы едік қой. Сол секілді Сарыарқаның тө­рін­де орын тепкен елордамыз жыл санап көркейіп келеді.
Жалпы, Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай, сол жағдай ерекшеліктерін көлде­нең тартқан мүлде басқа мемле­кеттік ахуал қалыптасты. Қазір­гі уақыттың шындығы мен геостра­тегиялық факторлар геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалып­тастыру процесіне жаңа көзқарас­пен қарауға мәжбүрледі. Сон­дықтан ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру қажет еді.
«Астананы көшіру бірқатар өзекті мәселені шешуге ықпал ететінін, соның нәтижесінде Қазақ­стан халқын ұлттық идея­ларға ұйыстыратын жаңа саяси орталық құруға болатынын, аймақтардың бір-бірімен ық­пал­дасуы күшейіп, ел дамуының алтын діңгегіне айналатын тың қозғаушы күштің туатынын түсіндім. Солардың ішінде саяси-символикалық идеяның маңызы өте жоғары болды. Жаңа астана – егемен мемлекеттің өзіндік аңсар-арманы, ұлттық мүдделері мен қажеттіліктері негізінде құ­рылатыны белгілі еді.

Осындай жағдайлардың бәрі жан-жақты ескеріліп, жаңа астана жобасы дер уақытында жүзеге асты. Астана туралы мәселені кейінге қалдыруға болмайтын еді. Көп созбай, жаңаны ескінің құндағынан «аршып алып», тәуелсіз Қазақстанның барыс бітімді, самұрық серпінді асқақ бейнесін жасау қажет болды», деп еске алады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы кезеңді.

Заманауи іргетасы осылай қаланған астанамыз бүгінде шартарапқа таңға­жа­йып архитектурасымен танылған. Әлбет­те, шаһардың көркеюі, ең әуелі, қала­ның бекітілген Бас жоспарына байланысты.

Осы орайда елорда салудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өткен жөн. Жаңа астананың іргетасы қаланған күннен бастап, қаланың болашақ жоспарын мұқият ойластырып, архитектуралық доктринасына дейін қалыптастырды.

Қаланың Бас жоспарын жасау үшін халықаралық байқау жүргізілгені есімізде. Елбасының сәулетті шаһар салу идеясына әлемнің мықты архитекторлары қызығушылық танытып, көптеген ұсыныс келіп түскен-ді. Жаңа астананың басты авторы – Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» кітабында осы оқиғаны былай деп еске алады:

«Конкурсқа айтулы сәулет компанияларынан және бұл тұрғыда әлемге жайылған атақтары бар: Жапония, АҚШ, Аустралия, Италия, Франция, Гер­мания, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 50-ден астам жоба түсті. Барлық жоба Конгресс-холлға қойылды, сөйтіп олармен әркімнің танысуына толық мүмкіндік туды. Ұсыныстар топтамасының ішінен халықаралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жоба іріктелді. Сөйтіп конкурс қорытындысы бойынша Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілерінің бірі, жапон концептуалисі Кисе Курокаваның жобасы қабылданды».

Таңдаудың «Күншығыс елінің» сұң­ғыла сәулетшісіне неліктен түскенін Елбасы былайша түсіндіреді:

«Өз атымнан қосар болсам, қала­ның тарамдалған-сақиналы композиция­сы мен оның өрісті нысанын ұсынатын Куро­каваның Бас жоспары біздің көш­пелі ата-бабамыздан жеткен ұлттық сер­пінді сезімді ескеретіндіктен және қала­ның орталық бөлігінің ландшафт ерекшелігі номадтардың ежелгі көш­пелі тұрақтарының пішінін еске сала­тын­дықтан, көп жағдайда жаныма жақын сезіледі».

Бүгінгі астананың негізі мыңжыл­дықтар тоғысында қаланып, санаулы жылдар ішінде-ақ ғаламат сұлу заманауи шаһарға, нағыз урбанистік жауһарға айналып шыға келді. Еліміздің жаңа астанасы – бүкіл Қазақстан халқының арманынан туған ортақ перзент десе де болғандай.

Айтса айтқандай-ақ, Ақорда күм­безін­дегі алтын қыран, Қазақ елі монументінің басындағы киелі Самұрық құс, дәстүрлі қазақ үйінің сұлбасын еске түсіретін Тәуелсіздік сарайы және көне аңыздарға арқау болған Бәйтерек – елорданың осы және басқа да көптеген көрікті жерлері ұлттық мифологиямен, халықтың тарихи жадымен тығыз байланысты.

Ұлы тарихи қайраткерлердің есім­дерінсіз елорда топонимикасын көзге елес­тету мүмкін емес. Оның көшелер­інде туған жердің тарихы ежелгі жауын­гер­лердің мүсін-тұлғаларында, аңызға айналған қаһармандарында, тотемдік жан-жануарлардың бейнесінде қайта тірілгендей әсер етеді.

Астананың сәулеттік келбеті сан түрлі ұлт өкілдері мекендейтін қаланың еуразиялық болмысынан хабар береді, шаһардың жай механикалық бірігу жолымен емес, дүниенің төрт құбыласы – Ба­тыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік мә­дениеттерінің үйлесімінен туғанын айғақтайды.

Мәселен, Ұлыбритания сәулетшісі Нор­ман Фостердің жобасымен салынған, биік­тігі 62 метрге жететін алып ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайы астананың мәдени өмірінің нағыз орта­лығына айналды. Оның ішіне кітапхана, музей, тіпті театр да сыйып кеткен. Түрлі ел­дер­дің дін қайраткерлері өздерінің дәс­түрлі кездесулерін өткізу үшін осы Бей­бітшілік және келісім сарайына жиналады.

Н.Фостер елорда құрылысына бір адам­дай-ақ атсалысты. Бейбітшілік және ке­лісім сарайынан басқа, 2010 жыл­дың шілдесінде ашылған алып күмбез бейнесіндегі «Хан Шатыр» архитек­туралық ансамблі және пішіні аса зор көз ұясына ұқсайтын Назарбаев орталы­ғының ғимаратын жобалауға үлес қосты.

Ұлы дала тарихынан хабар беретін елор­дадағы ғимараттар мұнымен шектел­мейді. 2009 жылы «Қазақ елі» сәулет кешені салтанатты түрде бой көтерді. Ұшар басына жеңімпаз Самұрық құс келіп қонған, көкке ұмтылған маңғаз мұнара Қазақстанның бүгінгі келбеті мен ертеңгі күнін бейнелейді. Осынау ғаламат кешен қазақ жазирасының кеңдігінен, ұшы-қиыры жоқ дала тұрғындарының дарқандығынан хабар береді. «Қазақ елі» монументінің негізінде қазіргі заманғы Қазақстан тарихының жарқын беттерін ашатын айшықты бедер жатыр. Сонымен қатар монумент Еуразия кіндігінде жаңа мемлекеттің дүниеге келгенін паш етіп тұр.

2004 жылдың 24 желтоқсанында тұсауы кесіліп, Ақорда деген атауға ие бол­ған ел Президентінің ресми резиден­циясы үш жылдан астам уақытта са­лынып бітті. Көк түсті күмбезбен көм­керілген көрікті ғимарат өзінің клас­си­­калық сұлулығымен атам заманғы ай­бын­ды сарайларды еске түсіреді және дү­ниежүзіндегі президент резиден­ция­ларының ең көркем «ондығына» еркін енеді.

Ғимарат астана сәулет кешенінің күретамыры іспетті түзу сызықтың дәл ортасында орналасқан: «Хан Шатыр» – «Бәйтерек» – «Ақорда» – «Бейбітшілік және келісім сарайы» – «Қазақ елі»... Кешеннің сәулеттік кескінінде Ұлы дала дәстүрлерімен сабақтастық идеясы, сондай-ақ еуразиялық мәдениетті, толе­ранттылықты алға шығару мақсаты мен қуатты Қазақстан мемлекетін қалып­тастыру ниеті өзара тоғысып жатыр.

Елордадағы сәулет таңғажайыптары мұнымен шектелмек емес. «Қазақстан» концерт залы, «Астана Опера» мем­лекеттік опера және балет театры, «Нұр-Астана», «Әзірет Сұлтан» мешіттері – астананың ажарын ашып тұр. «Қазақстан» спорт сарайы, төбесі жабылатын «Астана-Арена» футбол стадионы, «Сарыарқа» велотрегі, конькимен сырғанаушыларға арналған «Алау» стадионы – ең қатаң деген спорттық-техникалық талаптарға да сай келеді және әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Осы орайда астанамызға бірнеше рет келіп, 2012 жылы National Geographic жур­налына Tomorrowland атты мақала жа­­рия­лаған фотограф Герд Людвиг ело­р­да­ның даму қарқынына жоғары бағалады.

«Нұр-Сұлтан қаласының тағы бір ерекшелігі – қала негізгі жоспарға сай дамып келеді. Мен бұған дейін басқа да үлкен-үлкен қалаларға барғанмын. Ол жақтан мұндай ерекшелікті байқау қиын. Мысалы, Мәскеу жылдан-жылға үлкейіп келеді. Бірақ шаһар дамуының нақты жоспары байқалмайды. Ал елорда дамуы Бас жоспарға сай жүргізіліп жатқаны анық байқалады. Келешекте де шаһардың көркеюі осы қалпынан таймайды деп үміттенемін», дейді ол.

Нұр-Сұлтан қаласы сәулет таңға­жайыптарының орталығы ғана емес, әлемге Қазақстанның бейбітсүйгіш болмысын паш еткен орталыққа айналды. 2003 жылы астанада тұңғыш рет шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі содан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді.

2010 жылдың 1-2 желтоқсанында астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінде, сол кезде осы ұйымның төрағасы міндетін атқарған мемлекетіміз Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа орай маңызды бастамалар көтеріп, кейін сол жаңа саясаттың белсенді жақтаушысына айналды.

Сондай-ақ Сириядағы дағдарысқа байланысты Қазақстан диалог алаңын ұсынған-ды. Содан бері «Астана процесі» аталған бұл келіссөздер аталған елдегі қақтығысқа қатысты бірқатар мәселені шешуге елеулі үлес қосты. Бүгінге дейін «Астана процесінің» бірнеше раунды өтіп, ауқымды уағдаластықтарға қол жеткізілгені мәлім.

Бүгінде астана Қазақстан тәуел­сіз­дігінің тұғырына айналды. Еліміздің елордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бергі уақыт – мемлекетіміздің қауіпсіздігін, гео­саяси еркіндігін, территориясының мыз­ғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрысты кезең.

Дереккөз: egemen.kz