Хабар телеарнасы

Тарих сабақтары санада жаңғырды

Тарих сабақтары санада жаңғырды

Қай са­ланы алып қарасақ та, еге­мен­дік алғанға дейінгі уақыт­пен салыстырсақ, ілгерілеу мен дамудың даңғыл жолында екені сөзсіз. Мерейтой қар­са­­ңында оларды жүйелеп ха­лыққа ұсынған «Хабар» телеарнасы тарихи деректер мен аймақтар туралы ақпаратты екі түрлі жобаға біріктірген екен. «Туған аймақ» пен «Тарих са­бақтары» анимациялық ро­ликтері өңірлердің тыныс-тір­шілігі мен тәуелсіздік жылдары болған басты оқиғалар туралы сыр шертеді.

«Тарих сабақтары» деген атау­мен жарық көрген 15 оқиғаның іші­нен Тәуелсіздіктің нышанына айнал­ған Қазақстан Республикасының Мем­ле­кет­тік рәміздері туралы роликке бірден көзіміз түсті. 1992 жылдың басында Елтаңба, Ту, Әнұранның жобаларын дайындауға байқау жария­лан­ғанын білгенімізбен, ол туралы жастар арасында және отбасымызда көп айта бермейміз. Тарихи оқи­ға­ларды қайта есімізге салған бұл жо­ба­ның маңызы жастар үшін тіпті орасан. Анимация арқылы берілген бейнелер жастар мен балалардың назарын бірден аударатыны сөзсіз.

Сонымен, байқауға қатысу­шы­лар­дан мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Өз жұмысын жібергендер арасында қа­зақ­стан­дықтар ғана емес, шетел аза­­мат­тары да болған екен. Алайда олардың көпшілігі сыннан өте алмаған. Мем­лекеттік Тудың үлгі­сін жасауға отандық әйгілі Шәкен Ниязбеков кіріседі. Қазір баршамыз білетін көк желекті Туымыз бір­ден осындай қа­лыпта болған жоқ. Алға­шында Туда қызыл түс қол­да­нылған. Кейінірек оны алтын түс алмастырған. Одан бөлек күн мен қыранды Тудың қақ ортасына орналастыру шешілген. Осылайша біз білетін Мемлекеттік рәміздер 1992 жылғы 4 маусымда қабылданды. Бұл күнді біз жылда ерекше ықыласпен атап өтеміз. Тудың авторы Шәкен Ниязбеков үздік идеясы үшін мемлекеттен бағалы сыйлық – түрлі-түсті теледидар алған көрінеді.

Ал Елтаңбамыздың негізінде 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алмай тұрып, жерлесіміз Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапарында тағып ұшқан төсбелгі жатыр екен. Елтаңба отыз жыл ішінде үш рет өзгертілді. Дегенмен оның авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов болып қала берді.

Қазақстанның Әнұранына келер бол­сақ, ол осыдан он бес жыл бұ­рын, яғни 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. 1992 жылы таңдалған тұңғыш Әнұран халықтың арасында кең тарай қоймаған. Сол себепті оны ауыстыруға шешім қабылдаған. Сонымен 1956 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» атты рухты ән ресми түр­де Қазақстанның Әнұранына айналды. Қазақстанның  Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәтінін заманға сай бейім­деп, түзетулер енгізді. Осы­лайша, бұ­рыннан халық жүрегінен орын алған Шәмші Қалдаяқовтың әні әр қазақстандықтың балабақшадан бас­тап үйреніп, халықаралық аренада да шырқайтын басты әніне айналды.

Жобада айтылғандай, расында елі­міздің әр азаматы өз Туын жанындай жақ­сы көреді. Қандай бір іс-шараға, спорт­тық жарысқа қатысса да күн ас­тында қыран қалықтаған көк аспан түстес байрағымызды биікке көтереді. Қазақстан Туы халықтың қуанышта да, сын сағатта да халқымыздың бір­тұтас екенін көрсететін символға ай­налды. Тарихтағы ең маңызды сәт­терде Туымыз қолдан түскен емес. Ал Елтаңба мен Әнұран жаңарған көп­эт­носты Қазақстанды отыз жылда бір атаның баласындай біріктірген символға айналды десек, артық болмас. Еліміздің төл рәміздері – біз­дің тарихымыз. Ал оны жақсы білу – әр азаматтың парызы.

Расында, тарих қойнауына кеткен кейбір оқиғаларды қайта жандан­ды­рып, өскелең ұрпақтың есіне салып отыру маңызды. Себебі Отан тарихы – әр азаматты сол елмен, оның құндылықтарымен, мәдени байлығымен байланыстыратын басты құрал. Осындай қысқа да тартым­ды әрі заманауи формат сапа­лы ақ­паратқа құмар жастардың талға­мы­нан шығатыны анық.

Дереккөз: egemen.kz