Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-Министрі Имран Ханмен кездесті

Мемлекет басшысы өзара мүддені көздейтін көптеген салада көлік-логистикалық байланыстарды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыру қажет екеніне баса мән берді. Президент сауда-экономикалық, ғылыми-технологиялық және мәдени ынтымақтастықты арттыру мәселесіне арнайы тоқталды. Имран Хан екі мемлекетті жақындастыруға ықпал ететін логистика бағытын дамыту қажет екенін айтты. Бұдан бөлек кездесуде олар Ауғанстандағы ахуал мен өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ойларымен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Пәкістанның қарым-қатынастары өзара сенімге негізделген. Біздің арамызда өзекті проблемалар жоқ. Бірқатар бағытта нәтижелі ынтымақтастық орнаттық. Дегенмен көлік-транзиттік саладағы кедергілерге байланысты тауар айналымының қарқыны төмен. Осы мәселе мені алаңдатады. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу үшін сізді Қазақстанға кез келген уақытта сапармен келуге шақырамын.

Имран Хан, Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрі:

- Мен де сізге Пәкістанға арнайы сапармен келуді ұсынамын. Себебі арадағы сауда-саттықты молайтудың тиімді жолдарын нақтылап, қандай бағытта жұмысты жетілдіру керектігін айқындап алуымыз қажет деп ойлаймын.