Хабар телеарнасы

Үкімет инфляция деңгейін азық-түлік бағасын реттеу арқылы қалыпқа келтірмек

Үкіметте жоба аясында атқарылатын жұмыстардың барысы талқыланды. Экономиканы дамыту, тұрмыс сапасын жақсарту, денсаулық сақтау, еңбек нарығын тиімді пайдалану сияқты өзекті тақырыптар қамтылды.

Бұдан бөлек, бағаны қалыпқа келтіру мен ауыл шаруашылығы мәселелері де сөз болды. Мәселен, инфляция деңгейінің 50% азық-түліктің қымбаттауына байланысты өскен.

Енді баға нарығына қатысты кешенді шаралар қабылданады. Айтпақшы, «Сәбіз бен картоптың бағасы төмендеді», - деп қалды министр.

Жалпыұлттық жоспар қабылданды. Ел мерейін өсіріп, ел ісін өркендететін жоба 102 тармақтан тұрады. Иә, жолдаудағы аманаттың жүгі ауқымды. Жұмыстың жүйелі орындалуын Премьер-министр өзі қадағалайды. Жауаптыларға тапсырма берді, олар да іркілместен құп алды. Мынадай аумалы-төкпелі заманда бағаны ырыққа көндіру маңызды. Үкімет инфляция деңгейін азық-түлік бағасын реттеу арқылы қалыпқа келтірмек.

Соңғы екі аптада әлеуметтік маңызы бар тауар құны 0,5% төмендепті. Егер жыл басынан бері 9,9% өскенін ескерсек, бұл көп емес. Десе де азық-түлік аз-маз арзандаған. Атап айтқанда, картоп – 71, сәбіздің бағасы – 122 теңгеге төмендеген. Ел бойынша ең жоғарғы өсім Түркістан облысында тіркелген – 11,6%. Одан кейін 11,3% – Қызылорда, Қостанай облысы. Ал ең төменгі баға Алматы қаласында – 9,5% . Сосын Алматы және Қарағанды облысында.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

 - Азық-түлік инфляциясын тежеу жөніндегі жедел шаралар аясында экономиканың секторларында, құн белгілеудің бүкіл тізбегінде бағаны тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алу ұйымдастырылып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қайта өңдеушілер үшін шикізаттың болжамды әрі тұрақты бағасын қамтамасыз етудегі рөлі кеңейтіледі. Өндірушілерге жеңілдікпен кредит пен субсидия беру механизмдері кеңейтіліп, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сақтау инфрақұрылымын салу үшін субсидиялау нормалары ұлғайтылады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қымбаттамайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агентігі бұл істі мықтап қолға алмақ. Серік Жұманғарин барлық сауда орнын жіті тексеретінін жеткізді. Сатушылар налымасын. Олар үшін де жеңілдік қарастырылған. Жалдап тұратын орындарының құны арзандайды. Сайып келгенде, өндірушіден бастап тұтынушыға дейінгі баға саясаты реттеледі. Президент Жолдауындағы бағыттың бірі осы болатын. Үкімет кідірместен, білек сыбана кірісуге әзір.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

 - Үкімет пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың орнықты әрі сапалы өсуін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларын жетілдіру, өңірлерді кешенді дамыту, еңбек нарығының тиімді экожүйесін құру бойынша белсенді іс-шаралар қабылдайды. Мемлекет басшысының азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларын іске асыру Үкімет жұмысының маңызды бағыты болады. Жалақыны көтеру, жеке сектордың үлесін ұлғайту, салықтық жүктемені азайту арқылы нақты табыстың өсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Біздің елде кәсіпкерлікті өркендетуге жағдай жасалған. Әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне мүмкіндік көп. Президент Жолдауының тағы бір тармағы – қарапайым заттар экономикасы мен бизнестің жол картасы бағдарламасы. Биыл іскер жандарды қолдауға 1 трлн теңге қаржы бөлінеді. Ауыл шаруашылығы саласын ұзақ уақыт субсидиялау көзделген. Бұдан бөлек, азаматтардың жалақысын арттыру, салық жүктемесін азайту, өңірлерді дамыту мен тұрмыс сапасын жақсарту нақты жоспарда бар.

Авторы: Бірлік Берікұлы