02:00Эфирде: ҚР Әнұраны
06:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қ. Тоқаев: заманауи техникасыз ауыл шаруашылығы дамымайды

  • Категория: Саясат
Қ. Тоқаев: заманауи техникасыз ауыл шаруашылығы дамымайды

Күз келсе, Мемлекет басшысының теріскейге дәстүрлі жұмыс сапары басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев сол дәстүрден жаңылмай, Солтүстік Қазақстан облысына сапармен барды. Өйткені ел астығының үштен бірін осы өңір беріп келеді.  

Сондықтан астықтың шығымын, шаруалардың қал-жағдайын білуге ыңғайлы кезең бұл. Десе де Президент сапарының мақсаты – тек алқапты аралау емес, өңірдегі өңдеуші-өндіруші сектордың да шамасын бағамдау.

Қамбасынан астық арылмайтын бір аймақ болса, ол – Солтүстік Қазақстан. Ел астығының үштен бірін осы өңір өсіреді. Биыл төрт миллион гектардан астам жерге егін салыпты. Бірақ теріскейде диқаншылықтың «бір кем» тұсы бар. Ауа райы құбылмалы болған соң, тәуекел де жоғары. 

Шынар Асанқызы, тілші:

- Биылғы жаз солтүстікқазақстандық шаруаларға оңай тимегенге ұқсайды. Өйткені жаздың шамадан тыс ыстық болуы астықты тым қуратып жіберген. Сол себепті биыл егінге орақ ерте түсті. Әдетте мұндай жұмыс процесі қыркүйектің басында басталатын. Ал биыл күз басталмай жатып, астықтың жартысынан астамын жинап алды.

Астықты төкпей-шашпай жиып алу үшін 8 мыңнан аса комбайн егінге орақ салды. Диқандар «арық сөйлеп семіз шыққанды» жөн көре ме, әйтеуір биылғы өнім былтырғымен салыстырғанда әжептеуір аз болады деп отыр.

Медет Төлегенов, шаруа қожалығының басшысы:

- Үш ай жаңбыр көрмедік. Сол қиын болды. Биыл жинауды бастағаннан кейін бірінші піскен бидайдан алып жатқанымыз 10 центнер ғана болды. Былтыр осы кезде 25 центнер алып жатқанбыз. Жоспарымыз өзгеріп кетті.

Ұшақтан түскен бойда Президент алдымен астық алқабына келді. Шаруалардың қал-жағдайын сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ауыл шаруашылығына озық техника керек. Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолжетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін.

Болашақта ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялар мүлдем жойылып, оның орнына пайызы төмен несиелер болады деген пікір бар. Шаруаларды алаңдататыны да осы. Бірақ Президент: «Салаға үздіксіз қолдау көрсете береміз», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз дәстүрлі түрде Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінің нарығына ұн жеткіземіз. Жалпы Үкімет, Сауда министрлігі тарифті реттеу мәселесімен нақты айналысуға тиіс. Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ қазір қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан тауар өндірушілерге, әсіресе ұн шығаратын кәсіпкерлер үшін субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек. Біз қосымша құнының деңгейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экспорттауға тиіспіз.

Ал ала жаздай тыным таппаған шаруалардың маңдай терінің нәтижесі кеудесіне марапат боп қадалуы керек.

Теріскейде техниканың кем кетігі аз емес. Егіске салатын комбайн, трактордың 76% тозған. Бірақ олқылықтың орнын толтырудың орайы келіп тұр. Немістің әйгілі «CLAAS » компаниясы шығаратын көліктер енді Петропавлда да құрастырылатын болды. Жаңадан ашылған зауытты Президент барып көрді. Зауыт басшылығы жыл соңына дейін 90 комбайн құрастырамыз деп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «CLAAS» өнімдерінің Қазақстан нарығына келуі – үлкен жетістік. Мұны өте ірі инвестициялық оқиға деуге болады. Өйткені компанияның халықаралық беделі жоғары, германиялық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажет.

«CLAAS» компаниясының комбайны арзанқол техниканың қатарынан емес. Әрқайсысы 120-130 миллион теңгенің төңірегінде. Бірақ кәсіпорын «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағына кіргендіктен, шаруалар оны жарты бағасына сатып ала алады. Арнайы экономикалық аймақ деп отырғанымыз – өнімі экспортқа бағытталған кәсіпорындардың басын біріктіретін құрылым. «Alageum Electric» кәсіпорны да соның құрамында. «Жылына 13 мың трансформатор шығарамыз», - дейді. Оның 98% сыртқа сатылады.

Кәсіпорынға жас мамандар ауадай қажет. Өйткені жаңа зауыт тек заманауи әдіспен жұмыс істейді. Сондықтан «Серпін» бағдарламасымен білім алған 30-дан астам студентті жұмысқа тартып отыр.

Әділбек Жасұланов, трансформатор зауытының жұмысшысы:

- Біз шығарған трансформаторды пайдаланбайтын сала жоқ. Бұл трансформатор 3-4 үйге электр жарығын беруге жетеді.

Өңірде кәсіпорындар көптеп ашылса, жаңа жұмыс орны пайда болады деген сөз. Биыл бұл көрсеткіш еселене түспекші.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Тоғыз мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды, жыл соңында 12 мыңға дейін ашылады. Пандемияға қарамастан, облыс экономикасының негізгі салаларында өсім қамтамасыз етілді.

Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығын алға сүйрейтін негізгі нысандар орналасқан. Сондықтан бұл өңір биліктің назарынан тыс қалмайды.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков

Сондай-ақ...