Хабар телеарнасы

Қасым Жомарт Тоқаев Роберт Флойд пен Андревас Эбиді қабылдады

Мемлекет басшысы аталған құрылымның жұмысы Қазақстан үшін аса маңызды екенін айта келе, ұйым басшысының бұл сапары Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Осыдан 30 жыл бұрын Семей полигоны жабылған еді. Мемлекет басшысы әлемдік қауымдастыққа ядролық қаруды таратпау және қарусыздану туралы түсіндіру жұмыстарын кең ауқымда жүргізу қажет деп ойлайды. Өз кезегінде Роберт Флойд Семей полигонының аумағы мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтан алған әсерімен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіз осы саладағы тәжірибелі, ядролық қарусыздану мәселелері бойынша танымал сарапшысыз. Біз сіздермен тығыз жұмыс істеуге ниеттіміз. Қазақстан бұл ұйымның жақын әрі сенімді серіктесі болып қала береді. Менің Әкімшілігім мен Үкімет Ұйымның жұмысын күшейту мақсатымен тығыз әрі тұрақты байланысып тұрады.

Роберт Флойд, Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысы:

- Ұйымның дайындық комиссиясының хатшысы болып сайланғаннан кейін мен кездескен алғашқы Мемлекет басшысы Қазақстанның Президенті болуының символдық мәні бар. Сондықтан бұл мен үшін ерекше күн.

Қазақстан шикізаттық емес секторына Швейцария капиталы мен технологияларын тарта отырып, жаңа ірі жобаларды іске асыруға бейілді. Бұл жайында Ақордада Швейцария Парламенті төменгі палатасының спикері Андреас Эбиді қабылдау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы Швейцарияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі деп бағалады. Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы былтыр 1,7 миллиард долларға жеткен. Бұл мемлекет біздің сауда серіктеріміздің арасында 11-інші орында тұр. Оның үстіне Швейцария – 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллардан астам инвестиция салған ең ірі үш инвестордың бірі. Өз кезегінде Андреас Эби екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі даму деңгейін оң бағалап, оны парламентаралық байланыстар арқылы нығайта түсуге дайын екенін білдірді. Осы ретте «Қазақстан – Швейцария» парламентаралық ынтымақтастық тобының жұмысын жандандыру туралы келісім де жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Пандемияға қарамастан біздің елдер арасындағы серіктестік байланыс өрбіп дамып жатыр. Әсіресе елдер арасындағы қарым-қатынастың заңнамалық базасының берік болуы аса маңызды. Әрине, экономикалық тиімді байланыстарға баса мән береміз. Бұл ретте Швейцарияның дамыған өнеркәсібін, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы және қаржы саласындағы жоғары инновациялық әлеуетін атап өтпеуге болмайды. Маусым айында мен швейцариялық инвесторлармен арнайы кездесу өткіздім. «Қазақстан теміржолы» ұлттық теміржол компаниясының директорлар кеңесі «Штадлер» компаниясымен серіктестік келісім жасады. Теміржол құрылысы, вагондар құрастыру жобаларын бірігіп жүзеге асыратын болды. Бұл үлкен жоба біздің серіктестігіміздегі үлкен прогресс дер едім.