Хабар телеарнасы

Елбасы РФ Премьер-Министрі Михаил Мишустинмен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев пандемияға қарамастан аймақаралық ынтымақтастықтың нығайғанын тілге тиек етті. Жалпы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы жарты жылда 34% өскен. Михаил Мишустиннің айтуынша, бұл көрсеткіш індетке дейінгі мерзіммен салыстырғанда 20% артық. Жыл соңына дейін сауда айналымын 20 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек Ресей үкіметінің төрағасы Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің цифрлық дамуына қатысты ойымен бөлісті. Кездесуде сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экономикалық байланысты нығайту мен індетке қарсы күреске қатысты мәселе талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Елбасы:

– Қазір біз күрделі кезеңді өткеріп жатырмыз. Қазақстан мен Ресей коронавирустың таралуына және оның экономикаға тигізетін салдарына байланысты қиындықты бірлесе еңсеруде. Жуырда Владимир Путинмен кездесіп, өзара кеңестік. Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз.

Михаил Мишустин, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы:

- Коронавируспен күресте қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Бүгінде «Sputnik V» вакцинасы Қарағандының фармацевтикалық зауытында шығарылып жатыр. 5 млн-нан астам доза өндірілген. Бұл – әрине, ауқымды жұмыс. Қорытындылай келе, айтарым – көрші мемлекеттер ретінде татулығымызды қатты бағалаймыз. Бұдан кейін де Еуразиялық экономикалық одақ аясында екі жақты ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз.