Хабар телеарнасы

Үкімет отырысында өзекті мәселелер пысықталды

Қамбаға 15,3 млн тонна астық құйылады. Жиында елдегі эпидахуал да талқыланды. Мамандар жағдайдың біртіндеп тұрақталып келе жатқанын айтып отыр. Ауруханалар жарым-жартылай толған.

Биылғы жаздың аптап ыстығы жағажайда демалғандардың тілеуін берді. Бірақ қыстың қамын ойлаған диқандарды қатты қапаландырды. Әне-міне дегенше, шаруалар егінге орақ салғалы отыр. Астықты аймақ саналатын Солтүстік Қазақстан облысында бидай мол болады. Алдын ала болжам сондай. Алайда Ақмола мен Қостанайдың жекелеген аудандары құрғақшылықтан зардап шеккен. Жағдайы бұдан әлдеқайда қиын деп есептелген оңтүстіктің өзінде гектарынан 12 центнер бидай алыныпты. Өзге өңірлерде түсім одан аспаса, кем болмауы тиіс.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Егін жинауға дайындық мәселесінде жұмыстарды қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданды. Жалпы Қазақстан болжам бойынша өзін астықпен толық қамтамасыз етеді. Экспорт әлеуеті жоғары деңгейде қалады. Шамамен 6,5-7 млн тонна. Сондықтан басты миіндетіміз – егін жинауды уақтылы әрі сапалы өткізу.

Науқан нәтижесінде қамбаға 15,3 млн тонна астық құйылады деген болжам бар. Қазақстан халқы сол астықтың 9 млн тоннасын тұтынады екен. Айталық, 3 млн тоннасы нан және нан өнімдеріне жаратылады. Мал азығына 4 млн тоннасы кетеді. «Ал тұқымға 2 млн тоннасы жеткілікті», – дейді мамандар. Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуалдың жай-жапсары да талқыланды. Негізі індет іркіліп, жағдай біртіндеп тұрақтала бастаған. Ауруханалар – 53, жансақтау бөлімшелері – 47% жүктемемен жұмыс істеп жатыр екен. Вакцина салу үдерісі де үдей түскен.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Вакцинаның бірінші компонентін салдырғандар саны 6,1 млн адамнан асты. Екінші компонент 4,8 млн астам адамға салынды. Барлық өңірлер мен мемлекеттік органдар вакцинаны салдырудың қажеттілігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтсін.

Насихаттау аясын кеңейтуді қажет ететін тағы бір жүйе Ashyq болып тұр. Бұл жоба да індетпен күресу жолында таптырмас құралдың біріне айналған. Мемлекеттік мекемелер, ауруханалар мен білім ошақтарын қоспағанда еліміз бойынша осы жүйеге 111 мыңнан астам бизнес субъектісі қосылған екен. Ендігі міндет – бұл қарқынды үдете түсу.