Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Оңтүстік Кореяға сапары барысында бірқатар кездесу өткізді

Мысалы, «Samsung Electronics» компаниясының президенті Ин Ёнг Лимен кездесу барысында тараптар цифрландыру, инновация мен ғылым арқылы технологиялық даму мәслесін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев компания басшысына Қазақстан «ақылды қалалар» жүйесін енгізуге мүделлі екенін жеткізді. Ал Doosan Heavy Industries & Construction» президенті Ёнг Инг Чонгпен кездесу барысында оларды қазақстандық жылу-энергия орталықтарын жаңғырту және «Қарабатан» кешенін кеңейту бойынша ынтымақтастыққа шақырды. Өз кезегінде корейлік компания өкілі баламалы энергия көздері бойынша ортақ жобаларда жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Атырау облысында қуаты 310 МВт газтурбиналық электр стансасының құрылысын сәтті жүзеге асқан жоба ретінде атап өткім келеді. Оңтүстік Кореяның жасыл энергетиканы дамытудағы әлемдік көшбасшылардың бірі болуға ұмтылатын сутегі өндірісінің айтарлықтай үлесі бар жоспары туралы жақсы білеміз. Қазіргі уақытта Кореяның 3 қаласын сутегі энергиясына көшіру жоспарына дайындалып жатырсыздар. Бүгінде Қазақстанда да баламалы энергия көздерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Біз 2030 жылға қарай баламалы энергияның 30% қол жеткізуді жоспарлап отырмыз, оның 15% жаңартылатын энергия көздері болмақ. Осы мақсатта жуық арада 3-4 гигаватт электр энергиясына жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан сіздердің ұсыныстарыңыз біз үшін өте пайдалы болады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чжэ Ин Корея бизнесінің көшбасшыларымен кездесу өткізді. Жиынға қазақстандық ірі кәсіпорындардың басшылары да қатысты. Жиын барысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев, қазақ-корей ынтымақтастығының зор әлеуеті, әлі де толық ашылмағанын айтты. Президент біздің елдегі инвестициялық ахуал туралы айта келе, корей тарапын, жаңа «Стратегиялық инвестициялық келісіммен» таныстырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл тетік «Самал жел» экономикалық ынтымақтастық тұжырымдамасын жүзеге асыруға да негіз болмақ. Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде, экономиканы цифрландыру және жаңа технологияларға көшіру кезеңінде. Ал бұл ретте корей кәсіпкерлерінің, технологиялық тәжірибесін қолдану таптырмас құрал.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша жұмыс істеуге дайынбыз. Ол үшін қаржылық та, материалдық та мүмкіндіктер мен дамыған инфрақұрылым бар. Ең бастысы – басшылықтың саяси ниеті түзу, мемлекеттеріміздің арасында тату байланыс орнаған. Сондықтан мен біздің ынтымақтастығымыздың болашағына зор үміт артамын. Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуына және жалпы елдеріміздің экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған барлық іс-қимылдарға мониторинг жүргізіп, жіті бақылап отыратынымды тағы қайталап айтамын. 

Қазақстан Президенті Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапарын Жаһандық жасыл даму институты Ассамблеясының төрағасы, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесумен түйіндеді. Тараптар жаһандық климаттың өзгеруі, экономиканы көміртегінен ада ету, «жасыл технологияларды» енгізу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пан Ги Мун халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер мен заманауи сын-қатерлер туралы пікір алмасты. Пандемияға қарсы күресті күшейтуге және Ауған мәселесін реттеудің перспективаларына ерекше назар аударылды.