Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: ұлтымыздың ұлы перзентін ұлықтай береміз

«Өйткені халқымыздың болмыс-бітімі, ділі, дүниетанымы оның шығармашылығында тұтастай көрініс тапқан. Абай шығармаларын елімізде ғана емес, шетелде де насихаттауымыз керек», - делінген жазбада.

«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген ұлы Абайдың өсиетін орындау – біздің парыз. Осы ұстанымды ту еткен еліміздің зиялылары ақын Абайдың елордадағы рухына тағзым етті. Кемеңгер ақынның ескерткішіне гүл қойды. Салтанатты шараға мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігі, Үкімет және мемлекеттік органдардың өкілдері мен әр өңірден келген ақын-жазушылар қатысты. «10 тамыз елімізде Абай күні болып жариялануы бүкіл қазақ үшін мән-маңызы зор, себебі бұл күні дүйім ұлттың төлқұжатына айналған, халқымызды әлемге танытқан біртуар азамат дүниеге келді», - деді Мемлекеттік хатшы.   

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Барды бағалап, жоқты саралап, тәубемізден жаңылмай, тәуекелден айнымай, тәуелсіздік тасын өрге сүйреген халқымыздың жасампаз еңбегіне кезінде Абай бізге үлкен рухани тірек болып отыр. Сондықтан біз тәңірге Абай қасымызда емес деп өкпе айта алмаймыз. Біз Алла Тағалаға қазақ халқына осындай ұлы Абайды сыйлаған үшін рақмет айтамыз.

Несіпбек Айтұлы, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Абайды қазақтың төлқұжаты деуге болады. Абайдың жырлары, өсиеті арқылы біз бүкіл қоғамды тәрбиелеп отырмыз. Абай мәңгілік. Қазақ барда, Абай бар, Абай барда, қазақ бар.