Хабар телеарнасы

Ауған мәселесі: Қазақстанға қауіп бар ма?

Шекарамыз шектеспесе де, бұл – назарда ұстайтын мәселе. Қазір онда үкіметтік күштер мен тәліптер арасында қарулы қақтығыс жүріп жатыр. АҚШ пен НАТО әскерилері елден кетіп жатқан уақытта тәліптер шабуылды үдете түскен. Мыңдаған адам қақтығыстардан қашып, өзге аудандар мен көршілес елдерге бас сауғалауға мәжбүр. Жараланып, қаза тапқандары да жетерлік.

Сонымен, тыныштық кеткен ауған еліндегі ахуал қалай өрбуі мүмкін? Бұдан Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға қандай қауіп төніп тұр?

Болат Әуелбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы:

- Дәл қазір кім басымдыққа ие болатынын айту қиын. Үкімет әскері тәліптерді ығыстыруға тырысып жатыр. «Талибан» қозғалысы күші де артып келеді. Сондықтан алда не боларын қазір дөп басып айту қиын. Жалпы алдағы уақытта көршілес елдерге қауіп төнбейді деп ойлаймын. Себебі Ауғанстан аумағындағы әскери күштер ұзақ уақытқа созылған қақтығыстар салдарынан есеңгіреп қалды деуге болады. Сондықтан менің ойымша, олар шекарадан шықпайды. Алайда есірткі бизнесіне қатысты олардың позициясы қандай боларын білмейміз. Екінші мәселе – гуманитарлық дағдарыс. Яғни Иран, Пәкістанға қарай ағылған босқындар легі пайда болуы мүмкін.