Хабар телеарнасы

Орталық Азия елдері Президенттерінің басқосуында қандай мәселелер көтерілді?

Бауырлас елдер басшыларының алғашқы консультативті кездесуі 2018 жылы Нұр-Сұлтанда, екіншісі 2019 жылы Ташкентте өткен еді. Содан бері мұндай алқалы жиынды ұйымдастыруға мүмкіндік болмаған.

Сәті бүгін түсті. Үшінші консультативтік кездесуге қатысу үшін Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан Президенттері мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Орталық Азиядағы арнайы өкілі түрікменнің Аваза туристік аймағына жиналды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Аваза – Түрікменстанның ұлттық туристік аймағы. Каспийдің жағасында орналасқан көрікті жерде Президенттер бас қосты. Орталық Азия елдері басшыларының үшінші консультативті кездесуі әуелде 2020 жылдың тамызында Бішкекте өтуі керек еді. Артынша саммит күзге қалдырылды. Кейін пандемияға байланысты алқалы жиын 2021 жылға шегерілді. Сөйтіп, міне бауырлас елдер басшылары түрікмен жерінде кездесті.

Орталық Азия – қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжіктің ортақ мекені. Осы бесеудің ішінде Қазақ еліне деген құрметтің бөлек екенін тағы байқадық. Жиын өткен конгресс орталығының алдында көк байрағымыздың қатарда бірінші тұрғаны көзге оттай басылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірінші болып сөз алды. Консультативтік кездесуде Мемлекет басшысы: «Елдер арасында экономикалық байланыс нығайып келеді», - деді. Бірлескен кәсіпорындардың қатары ұлғайып, сауда-саттықтағы түрлі кедергі азайып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шекарада өткізу бекеттері, жаңадан әуе рейстері мен теміржол бағыттары ашылып жатыр. 2018 жылдан бері өңіраралық сауда-саттық көлемі 12% өсті. Оның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда айналымы соңғы 5 жылда бір жарым есе ұлғайды.

Бауырлас  елдердің әрқашан бірге болмағы керек. Қазір өзі әлем тұрақсыз. Тыныштық арман болған елдер бар. Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ауған жеріндегі ахуалды атап өтті. «Жағдай алаңдатарлық», - деді. Оның үстіне коронавирус дағдарысы ұзаққа созылатын түрі бар. Сондықтан мемлекеттер бір қолдың саласындай бірігуге мүдделі. Президент 75 миллион халқы бар Орталық Азия елдері арасында алыс-берісті ұлғайта түсуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сауда көлемін арттыру бойынша жұмыстарды жеделтеду керек. Қазақстан Орталық Азия елдеріне 1 миллиард долларға дейін тауар экспорттай алады. Мұндай мүмкіндік өзге де мемлекеттерде бар деп білемін. Осы ретте бірыңғай тауар өткізу жүйесін құру үшін күш біріктіру керек. Аталған жүйе Еуразиялық экономикалық одақтың және ТМД елдері мен үшінші мемлекеттердің нарығына шығуға жол ашады.

Негізінен гидроэнергетика, өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация саласындағы инвестициялық жобаларға басымдық беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев осы ретте Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін атап өтті.  Біздегі орталықтың 53 елдегі 800-ден аса компаниямен байланысы бар. Сондықтан Президент еліміздің халықаралық қаржы орталығын өңірлік инвестициялық хаб ретінде пайдалануды ұсынды. «Кейін транзиттік бағытты жандандыру керек», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елдеріміз Азия мен Еуропаны жалғап жатқан көпір іспеттес. Біздің аумақ арқылы шығысты батыспен, солтүстікті оңтүстікпен жалғайтын шекара өтеді. Осыны ескеріп, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі мүмкіндіктердің аясын кеңейтіп жатыр. Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы әлеуетті де арттырып жатырмыз. 2025 жылға дейін «Достық-Мойынты» бағытында екінші теміржол салынады. Нәтижесінде аталған аумақтың өткізу мүмкіндігі 5 есе өседі. Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолының да пайдасы мол. Елдеріміз үшін бұл – Парсы шығанағындағы мемлекеттерге шығатын қысқа жол.

Трансазиялық теміржол магистральінің оңтүстік дәлізін дамытпақ керек. Оның да берері мол. Бір ғана мысал, «Дарбаза-Мақтаарал» бағыты жүк тасымалдау уақытын бір жарым есе қысқартады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар бағытындағы теміржолдың да құрылысы маңызға ие.  Ол Оңтүстік Азия елдерінің нарығына апарады. Қазақстан мен Түрікменстанның порттары да зор әлеуетке ие. Жалпы соңғы үш жылда Каспий арқылы тасымалданатын контейнерлер 13 есе көбейді. Біз Ақтау портының базасында «контейнерлер хабын» құруды жоспарлап отырмыз. Өзбекстанмен де бірлескен жаңа жобалар бар. Бұл ретте мен жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік беретін «Түркістан-Шымкент-Ташкент» теміржолын ерекше атап өткім келеді. Бейнеу-Ақжігіт тасжолы да жаңартылды. Нәтижесінде, өзбек тарапы Құрық және Ақтау порттарына тез жететін болды. Жалпы дүниежүзілік банктің бағалауынша Орталық Азиядағы транспорттық әлеуетті арттыру елдеріміздің жалпы ішкі өнімін 15% дейін ұлғайтады.

Орталық Азия мемлекеттері баламалы қуат көзін өндіру бойынша да зор мүмкіндікке ие. Біздің елде энергияның 3% осы баламалы қуат көзіне тиесілі. Мұнымен тоқтау жоқ. Бұл бағытта әлі де бірқатар жоба жүзеге асады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2030 жылға қарай жалпы энергиядағы баламалы қуаттың үлесін 15% жеткізу міндеті тұр. Энергетика саласын дамыту үшін инновация мен білікті мамандар қажет. Осы мақсатта біз жаңа энергетика бойынша орталық құрамыз.

Президент су мәселесіне де арнайы тоқталды. Климаттың өзгеруі әсіресе Сырдария бассейніне қатты әсер етіп жатыр. Соңғы 2 жылда Шардара қоймасына құйылатын су 40%,  ал кіші Аралға келетін су 60% азайып кеткен. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестеріне келісілген су саясатын әзірлеуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Орталық Азиядағы су елдерді ажыратпауы тиіс. Қайта біріктіруі керек. Өңірдегі жаңа су саясатының маңызды тұсы цифравизацияда. Яғни жаңа технология арқылы су ресурстарына бақылау жүргізіледі.  Қазақстан алдағы 5 жылда жалпы ұзындығы 3 мың шақырым болатын 119 арнаны цифрландырады. Бұл жоба 2 милиард текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Президент осы жиында Қазақстанның әлем бойынша вакцина әзірлеген алғашқы он елдің бірі екенін де атап өтті. Сөйтіп биологиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық агенттік құру туралы идеяның маңыздылығын айтты. Бұл құрылым қауіпті аурулар бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Президенттің осынау идеясы бүгінде бірқатар алпауыт ел тарапынан қолдау тапқан. Елдер арасындағы бауырластық мәдени-гуманитарлық бағытта да беки түседі. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев: «Орталық Азия елдерінің азаматтарына Қазақстан тарапынан берілетін білім квотасын ұлғайтуға әзірміз», - деді.

Түрікменстанға жұмыс сапары аясында консультативтік кездесуден бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Гурбангулы Бердімұхамедовпен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар қазақ-түрікмен байланысын одан әрі нығайту жолдарын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев түркімен тарапының өңірлік қауіпсіздікті және халықаралық жағдайды жақсартуға бағытталған жұмысын ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Түрікменстан – Қазақстанның стратегиялық әріптесі. Ұзақмерзімді әрі стратегиялық сипаттағы ортақ жобаларымыз көп. Бұдан кейінгі келіссөздер барысында да екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға міндетті түрде баса мән береміз. Үкіметке тиісті тапсырма бердім. Түрікменстанға ресми сапарым бойынша жұмыс істеп жатыр. Жалпы қол қойылатын негізгі құжаттар топтамасы әзір. Алдағы уақытта қол қойылатын келіссөздер мен келісімдер бауырлас елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретініне сенімдімін.

Орталық Азия – географиялық тұрғыда өте қолайлы аймақ. Теміржолы да, тас жолы да, теңізі де бар. Президенттердің де кездесіп, бір жарым сағат сөйлесуі бекер емес. Мақсат – Орталық Азияны тұрақты, экономикалық жағынан дамыған, өркендеген өңірге айналдыру.  

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев