Хабар телеарнасы

Еліміздің барлық өңірінде тұрғындар жаңа ауыл әкімдерін сайлауда белсенділік танытты

Ал Атыраудағы 36 сайлау учаскесінде күнұзақ адам қарасы үзілмеді. Түркістанда дауыс беруден жуырда құрылған Сауран ауданы көш бастады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан 71 әкім сайланады.

Маңғыстауда сайлау 6 ауыл және 4 ауылдық округте өтіп жатыр. 25 үміткер бағын сынады. Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында 13 мың адам тұрады. 6 мыңдайы маңызды науқанға қатысты. Тең жартысы – жастар. Күні кеше кәмелетке толған Абылай Жаңабай өз дауысын беру үшін ерте келіпті. Айтуынша, жаңа әкімнен күтері көп.

Абылай Жаңабаев, ауыл тұрғыны:

- Ауылдың көркеюі үшін дауыс беруге келдім. Ауыл арасында жүргенде қоқыс бактарының жетіспеушілігі байқалады. Соларды толтыру керек, көшеде қоқыс көп. Халыққа уақытылы түрде су келіп тұрса екен. Бар, бірақ соңғы уақытта проблема туындауда. Ауыл арасында жолдардың жағдайы ондай жақсы емес.

Атырау өңірінде сайлауға түсіп жатқан 52 кандидаттың жасы – 28 бен 60-тың аралығында. Оларға 18 ауылдық округ бойынша 44 мың 305 сайлаушы өз дауысын берді. Әр учаскеде сайлаудың әділ өтуін тәуелсіз байқаушылар қадағалады.

Дәурен Сейітқалиев, Партиялық емес байқау орталығының жетекшісі:

- Қазіргі таңда Атырау облысында 36 сайлау учаскесі бар. Сол учаскелерге 150-ге жуық байқаушылар дайындадық. Барлық округтердегі тұрғындар белсенді қатысуда. Заң бұзушылықты байқаған жоқпыз.

Ал Түркістан облысында сайлаушылардың 70% өз таңдауын жасады. Бұл ретте Сауран ауданы көш бастаса, Арыс қаласы екінші орында тұр. Жалпы өңірде 241 сайлау уческесі бар. Онда 265 адам өз таңдауын жасады. 166 азамат 60 ауылдық округ әкімдігіне үміткер ретінде тіркелген. Сарыағаштағы учаске де жауапты науқанды заң аясында өткізді.

Әлібек Өмірәлиев, облыстық Сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сарыағаш ауданында «Мұқалмас» деген қоғамдық бірлестіктің байқаушылары келіп, шатақ шығарды. Бір сайлаушы келіп, «екі рет дауыс берді» деген мәлімет түсті. Ол мәлімет бойынша тексеріс жүргіздік. Ол провациялық әрекет болды. Комиссия тексерді, дәлелін таппады.

Солтүстік аймақта 218 ауыл тұрғындары өз таңдауын жасады. Бұл өңірде саяси науқанға 214 үміткер қатысуда. Ең жасы 27-де. Ресми нәтижеден соң, жаңа 71 әкім анықталады.

Авторы: Талғат Исламұлы