16:00Әрі қарай: Телесериал «Департамент»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Әкім сайлауы ең алғаш рет тәжірибе ретінде 1999 жылы өтті

  • Категория: Саясат
Әкім сайлауы ең алғаш рет тәжірибе ретінде 1999 жылы өтті

Әкім сайлауы ең алғаш рет тәжірибе ретінде Елбасының туған жері Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында 1999 жылы өткен болатын.

1999 жылы Қайрат Байбақтынов Шамалған ауылдық окугінің әкімі болып сайланды. Осы қызметті алты жыл бойы атқарыпты. Ол кезде де әкім атанғысы келгендер де аз болмапты. 7 кандидат тіркеліп, ауыл ішінде кәдімгідей қызу науқан жүрген. Ауыл әкімінің сайлауына сайлаушылардың 62% қатысқан. Соның 53% жуығы Қайрат Байбақтыновқа дауыс берген.

Қайрат Байбақтынов, кәсіпкер:

- Ауылға қызмет ету сол ауылда туып өскеннен кейін сол «Ауылға қолымыздан келгенді жасаймыз» деген бағдарлама болды. Жерлестеріміз енді осы ауылда туып өскеннен кейін, ел жақсы танығаннан кейін үміт артып, «Қайрат жақсы істейді ғой» деп, сөйтіп дауыс берген шығар деп ойлаймын.

Әкім болып сайланған соң, алдымен әлеуметтік мәселелерді шешуге кіріседі. Оның араласуымен ауылға газ келеді. Ауызсу мәселесі шешіледі. Жекенің қолына өтіп кеткен Мәдениет үйі ел игілігіне қайта беріледі. «Жабылады» деген кәсіптік колледж қайта жанданып, қосымша 4 мамандық аштырады. Сол кезде сайлаудың қалай өткенін жергілікті тұрғындар әлі ұмыта қоймапты.

Қарлығаш Исмайылова, ауыл тұрғыны:

- Тұрғылықты азамат, ауылымыздың азаматы Байбақтынов Қайрат жеңіске жетті. 6 жылдың ішінде керемет жұмыс болды. Ауылымызға су да, газ да келді. Мектеп, балабақша салынды. Бастысы, Мәдениет үйіміз оралды.

Қанабек Айтжанов, ауыл тұрғыны:

- Әкімді халық сайлаған дұрыс. Өйткені билік пен халықтың ортасын жақындастырады. Тұрғындардың сенімін арттырады. Тікелей сайлағаннан кейін олар ашық айта алады. Өз ұсыныстарын білдіре алады.

Қазір бұрынғы әкім мемлекеттік қызметтен алшақ. Жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Десе де керек кезде туған ауылына әркез қолұшын беріп тұрады. Әкім болғанның қиындығын жақсы біледі. Өзі жұмыс істеген тұста бюджеттің болмағаны талай шаруаға қолбайлау болғанын да жасырмайды.

Қайрат Байбақтынов, кәсіпкер:

- Ол кезде бес-ақ адам жұмыс істегенбіз. Бюджетіміз, ештеңеміз болған жоқ. Кейін үкімет тобының мүшесі болған кезде «ауыл әкімдерінің бюджеті болу керек» деген сұрақты көтерген мен болатынмын.

2005 жылдан бері Шамалғанда 6 әкім ауысты. Соңғысы – Ержас Тоқтасынов. Осы қызметке келгеніне 3 жыл болыпты. Ол да өзінің туған ауылына еңбек сіңіргісі келеді.

Ержас Тоқтасынов, Шамалған ауылдық округінің әкімі:

- Қарасай батыр мешітінің алдында, одан бөлек гимназия мектебінің алдында кішігірім саябақ ашылады. Сонымен қатар воркаут алаңын орнатамыз деп отырмыз. Мұнымен қоса, ауылымыздың меценаттары тау шатқалына дейін жалпы ұзындығы 4 км жуық бағаналар орнатты. Былтырғы жылдың өзінде 4 мұқтаж отбасыға үй салып берген.

Түптеп келгенде сайланған əкімнің артықшылығы көп. Азаматтармен кері байланыс орнатуға, сеніміне ие болуға күш салады. «Жұмысқа деген ынтасы артады», – дейді Қайрат Байбақтынов. Ол әкім сайлауы жергілікті басқару жүйесіне оң өзгерістер әкеледі деп сенеді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарынбаев

Сондай-ақ...