Хабар телеарнасы

Қостанай облысындағы бес ауылда әкім сайлауы өтуде

Саяси додаға қатысуға бұл өңірде барлығы 14 үміткер ниет білдірген. Соның біреуі ғана лауазымды қызметке сай болмай шықты.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Жалпы Арқалық аумағында 13 ауылдық округ бар. Соның бесеуінде бүгін әкім сайлауы өтіп жатыр. Қазір мен Восточный ауылындағы сайлау учаскесінде тұрмын. Мұнда 1200-ден астам халық тұрады. Соның жартысына жуығы дауыс беру құқына ие. Арқалықта соңғы күндері коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты сақтық шараларына аса мән берілген. Әр адамның дене қызуы тексеріліп, қорғаныш заттары таратылды. Ара қашықтықты сақтау да басты талап. Карантиндік шектеулерге қарамастан ауыл тұрғындарының барлығына дауыс беруіне мүмкіндік жасалған.

Нұргүл Мырзағалиева, сайлау учаскесінің төрағасы:

- Дене қызуы жоғары болған жағдайда бізде арнайы бөлмелер дайындалған. Сол бөлмелерде сайлаушылар өздері өтініші бойынша дауыс бере алады. Денсаулығына байланысты келе алмайтын кісілерге біздің сайлау мүшелерінен арнайы адам тағайындалып, жәшіктерді алып, сол жерлерге барады. Осылайша, жаңағы кісілер дауыс бере алады.

Ал енді дауыс беру барысына келсек, шындығын айту керек, Восточный ауылы тұрғындарының белсенділігі жоғары. Таңғы сағат 07:00-ден осы уақытқа дейін ауылдағы дауыс беру құқына ие азаматтардың 70% өз таңдауын жасап үлгерген. Олардың барлығы болашақ әкімге үлкен үміт артып отыр.

Ғабит Сұлтанбеков, Восточный ауылының тұрғыны:

- Бірінші кезекте ауылымызды көркейті үшін көшелерімізді жарықтандыру керек. Ағаш егу керек. Балалар ойнайтын аулаларды көбейту керек. Алдыңғы жылы су тартылды, енді ауылымызға асфальт төселсе, жақсы болар еді. Әкіміміз әрі қарай жақсы жұмыс істейді деген үміттеміз.

Айта кетелік, Восточный ауылының әкімі лауазымына үш үміткер тіркелген. Олардың біреуі партия атынан түссе, қалған екеуі өзін-өзі ұсынғандар. Барлығы да осы елдің азаматтары. Ал енді бұл бәсекеде қайсының бағы жанып, аты озарын сайлау қорытындысы анықтап береді.

Авторлары: Мағауия Қалиев.Сергей Трахтенберг