Хабар телеарнасы

Мәулен Әшімбаев елімізде жұмыс істейтін дипломаттармен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде жұмыс істейтін дипломатиялық корпустың және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Президент реформалары аясында қабылданған негізгі заңдарға тоқталған ол былтыр Парламент 175 құжатты қабылдағанын айтты. Олардың төрттен бірі депутаттардың бастамасымен әзірленген. Саяси жүйені демократияландыру және бәсекелестікті арттыру бағытындағы Мемлекет басшысының міндеттері заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етіле бермек.

Сенат Спикері экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, шикізатқа тәуелділікті еңсеру, шағын және орта бизнесті жүйелі қолдау тоқтамайтынын айтты. Мәулен Әшімбаев Президенттің адам құқықтарын қорғауға қатысты шаралар жөніндегі жарлыққа қол қойғанын да атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Осы Жарлыққа сәйкес біз алдағы уақытта аса маңызды заңдар қабылдаймыз. Атап айтқанда, мүгедек адамдардың құқықтарын қорғауға, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің кез келген нысанын болдырмауға, қылмыстық сот төрелігі, азаптаулар мен зомбылықтың алдын алу бойынша азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріледі. Сондай-ақ сот-құқық қорғау жүйесін жаңғырту және сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері де назардан тыс қалмайды.