Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы бекеттер жаңартылады

Өткізу пункттерінің тиімді жұмысы екі елдің де азаматтары мен бизнес өкілдері үшін маңызды. Сол себепті Сенат Спикері аталған бекеттерді қайта жаңарту бойынша бірлескен шараларды жандандыру қажет екенін айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Қазіргі таңда шекарада 30 өткізу бекеті жұмыс істеп тұр. Оның 17-сі көпжақты, ал қалған 13-і екіжақты. Бұл өткізу бекеттері екі елдің де азаматтары үшін аса маңызды. Жыл сайын сол бекеттер арқылы 44 миллионнан астам азамат және 7,5 миллион автокөлік өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының айтарлықтай бөлігі шекара маңындағы өңірлерге тиесілі. Бұл – бизнес өкілдері мен көлік-логистика компаниялары аталған өткізу пункттерін өте белсенді қолданады деген сөз.

Сонымен қатар тараптар трансшекаралық өзендердің экологиялық мәселесіне де айрықша көңіл бөлді. Мәулен Әшімбаев бұл бағытта оңтайлы шешім қабылдау өзендерді жағалай қонған елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және жергілікті азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей ықпал ететінін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бұл ретте Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеп кетуі сөз болып отыр. Соған байланысты өңірдегі экологиялық жағдай нашарлап кеткені белгілі. Аймақ тұрғындары үшін аталған өзеннің стратегиялық маңызы зор. Ауыл шаруашылығының дамуы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету осы өзеннің жағдайына тікелей байланысты.

Кездесуде ғарышты игеру және «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бағыттары бойынша өзара іс-қимылды дамыту мәселесі де талқыланды. Ал өз кезегінде Ресейдің Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Қазақстанның тұтастығына қатысты пікір білдірді. Екі ел арасында 400-ден аса келісім құжаты бекітілген. «Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек», - деді Ресей өкілі.

Валентина Матвиенко, Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы:

- Елдеріміздің арасында 400-ден аса келісім құжаты бар. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастықтың берік заңды және құқықтық базасы. Осынау байланысқа Қазақстанның да, Ресейдің де Парламенттері үлес қосты. Мемлекетаралық құжаттардың негізгі бағыты егемендіктің, тәуелсіздіктің, аумақтық тұтастықтықтың мойындалуын қамтып жатыр. Екі ел бір-біріміздің ішкі ісімізге араласпаймыз. Бұл – ешқашан өзгермейтін басты негіз.