Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев пен В. Матвиенко мемлекетаралық одақтастықты нығайту жолдарын талқылады

Тараптар екі ел арасындағы көпжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтудың жолдарын талқылады. Сонымен қатар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа, еуразиялық интеграцияға және екі елдің коронавирусқа қарсы күрестегі бірлескен күш-жігеріне қатысты өзекті мәселелер сөз болды.

Мемлекет басшысы Федерация кеңесінің делегациясына ілтипат білдіріп, Валентина Матвиенконың елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға және нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Кейін заң шығарушы органдардың арадағы байланысты нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Парламенттік дипломатия мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуда үлкен рөл атқарады деп санаймын. Бұл әсіресе Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы ықпалдастыққа қатысты. Біз үшін достық, одақтастық байланыстар негізгі басымдыққа ие. Сіздің ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Төрайымы қызметіндегі жемісті қызметіңізді ерекше атап өткіміз келеді. Біздерге ынтымақтастың бұл форматын сақтау керек. Екі елдің арақатынасын нығайту жолында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біраз жұмыс істелді. Қазақстанның жаңғыруы жалғасуы тиіс. Сондықтан менің шешіміммен бірқатар шара қабылданып, заңдарға өзгеріс енгізілді. Арасында Парламентті дамытуға да қатысты құжаттар бар. Реформалар жөніндегі Жоғары кеңес құрылды.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің халықаралық аренадағы орнын ерекше атап өтті. Көрші елдің әлем сахнасындағы беделін нығайтудағы Владимир Путиннің саяси бағытының маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ресейде болып жатқан барлық жағдайды бақылап отырамыз. Владимир Путиннің мықты әрі беделді басшылығымен Ресей Федерациясы халықаралық аренада өзін әлем елдері санасатын және онсыз бірде-бір маңызды халықаралық мәселе шешілмейтін мемлекет ретінде танытты.

Өз кезегінде Валентина Матвиенко Президентке кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін шынайы ризашылығын білдірді. Сөйтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Сенатында және Мәжілісінде өткен келіссөздердің қорытындысын баяндап, елордамыздан алған әсерімен бөлісті.

Валентина Матвиенко, Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы:

Сапар алдында Владимир Путинмен сөйлестім. Ол сізге жүрекжарды сәлемін жолдады. Сондай-ақ сіздердің сенімді әрі шынайы қарым-қатынастарыңызды жоғары бағалайтынын айтты. Қол жеткізілген барлық уағдаластықтың жүзеге асырылатынын нақтылады. Кезінде Владимир Путин Нұр-Сұлтан қаласын қазіргі заманның ғажайыбы деген еді. Шын мәнінде, қала көз алдымызда көркейіп келеді. 6 шілдеде қала күнін атап өтетіндеріңізді білемін. Сізді және Нұр-Сұлтан қаласының барша тұрғынын келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймын!