Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын енгізуді ұсынды

Оған материалдық сыйақы қоса беріледі. Көлемін Үкімет белгілейді. Мұндай ұсынысты Президенттің өзі айтты. Дәрігерлерге деген қолдау да, құрмет те кемімейді. Елордада коронавирус індетіне қарсы күреске үлкен үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап ескерткіш қойылды. Оның ашылу салтанатына Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. «Алтын жүрек» деп аталатын ескерткіш ақ халатты абзал жандарға деген халық алғысының бір белгісі болып қалмақ.

Қылышсыз майдан. Мыңдаған қазақстандықтың өмірін жалмаған коронавирус кеселімен күресті осылай сипаттауға болады. Сол майданда алдыңғы шепте жүрген 200-ден астам медицина қызметкері опат болды. Тағы 10 мыңға жуығы қауіпті дертті жұқтырды. Олардың бүгінгі ерлігін ертең ешкім ұмытып кетпеуі тиіс. Жүрек пішініндегі мына ескерткіш өз өмірін тәуекелге тіккен жандардың рухына тағзым ету орны әрі халық алғысының белгісі болып қалмақ. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде 260 мыңға жуық медицина қызметкері бар. Олар әрбір науқастың жанына шипа іздеп, күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Дәрігерлер пандемия кезінде талай адамды өлім аузынан арашалап қалды. Шын мәнінде дертіне дауа тапқан мыңдаған отандасымыз, бүкіл халқымыз ақ халатты абзал жандарға қарыздар. Сондықтан олар кез келген құрметке лайық.

Эльмира Адишева, дәрігер-инфекционист:

- Ең алғашқы науқасты коронавируспен мен қабылдадым. Содан бері біздің бөлімшеден 1200-ден астам науқас емделді. Әрине, бізге оңай болған жоқ. Қаншама қиыншылықтар болды. Біз мемлекеттің қолдауын сезіндік.

«Дәрігерлер сезінген сол қолдауды мемлекет арттырмаса, кемітпейді», – деді Президент. Осы қиын шақта дәрігерлерге төленетін үстемақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Мұхтар Төлеутаев, «Көпсалалы медицина орталығы» МКК директоры:

- Статистикаға жүгінсек, біздің орталықтан 12 мың адам емделіп шығыпты. 2 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс атқарды. Президент үстемақы төлеу, жалақыны көтеру сынды зор қолдау білдірді.

Дәрігерлерге төлемақы беру қазан айына дейін жалғасады, осы мақсатқа қосымша тағы 71,5 миллиард теңге бөлінеді деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастадық. Және бұл процесс жалғаса береді. Медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңызды. Бұл жүйеде ауылдық жерге келген мамандарға міндетті түрде тұрғын үй беру, біржолғы жәрдемақы төлеу және басқа да жеңілдіктер қамтылуы тиіс. Мұндай шаралар облыстар мен қалалар әкімдерінің белсенді атсалысуымен еліміздің барлық өңірінде қабылдануы керек.

Дегенмен тек қаржылай ынталандыру жеткіліксіз. Президент қазақстандық дәрігерлердің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғауды күшейте түсу қажет деп есептейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартып жатыр. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Мұндай жағдай тек біздің елімізде ғана емес. Бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады.

Адамның өмірінен қымбат не бар? Ал оны қорғайтын ақ халаттылардың дәл біздің қоғамда мәртебесі асқақтап тұр деп айта алмаймыз. Енді «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» деген атақ енгізілетін болды. Бұл –Президенттің өз ұсынысы. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін Үкімет белгілейді. Бұл жаңалықты дәрігерлер қошеметпен қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ету өскелең ұрпақ үшін мәртебелі әрі тартымды болуы тиіс. Бізге мейіргерлердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Олар тек орындаушылар ғана емес, көпсалалы емдеу тобының жауапкершілік жүктелген тең құқықтық мүшелері болуы тиіс. Осы орайда олардың кәсіби дайындығының деңгейін біртіндеп көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арттыру қажет.

Күрес әлі жүріп жатыр, аяқталған жоқ. Қауіптің әлі де сейіле қоймағанын Мемлекет басшысы да тағы қайталады. Біздің қалыпты өмірге ерте оралуымызға екпе алу қарқынына байланысты. Бірақ осыны түсінетіндер аз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде дейін елімізде 2,5 млннан астам адам вакцина салдырды. Бұл әлі де жеткіліксіз. Екпе салдыру ең алдымен елдің амандығы үшін қажет. Мұны түсінген жұрттың бәрі жер жүзінде жаппай вакцина алып жатыр. Мен барша азаматтарымызды екпе алуға шақырамын. Жақынымызға жанашыр болудың бірден бір жолы осы екенін есте ұстайық.

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан №103 қалалық емханада да болды. Емхана соңғы үлгідегі медициналық аппараттармен жабдықталған. «Салауатты Астана» компаниялар тобына қарасты жаңа амбулаториялық-емханалық кешен бір ауысымда 500 адамды қабылдайды. Президент медициналық орталықтың ұжымына жедел жәрдем көлігін алуға сертификат табыстады.

Олжас Аменов, «Salayatty Astana» ЖШС директорының орынбасары:

- Қазір орталыққа 78 мыңнан астам адам тіркелсе, оларға қызмет көрсететін 450-ден астам медициналық қызметкерлер бар.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, 180 мың нұрсұлтандық коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін алған, ал екінші компонентті алдырған азаматтар саны 128 мыңнан астам. Ал ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 650 мыңнан астам адамға немесе қала тұрғындарының 60% екпе алуы керек. Демек қарқынды үдете түсу қажет.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев