Хабар телеарнасы

Сенаторлар бюджеттің тиімсіз шығыстарын қысқартуды ұсынды

Үкіметтің бюджетті атқаруға қатысты есебін тыңдаған сенаторлар қордың ақшасына көз аларта бермей, өзге де қаржы көздерін ойластыруды ұсынды. Былтыр тиімсіз жұмсалған бюджет қаржысы 570 млрд теңгеге жеткен. Депутаттар бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін тиімсіз шығындарды оңтайландырып қысқартуды ұсынды.

Олардың айтуынша, соңғы жылдары квазимемлекеттік субъектілерді қаржыландыру үшін ауқымды қаражат бөлініп келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 817 миллиард теңгеден асқан. Оның жартысына жуығы тиімсіз жұмсалған. Осыған орай сенаторлар Үкіметтен жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдауды талап етті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Үкімет азаматтарымызды қорғау және экономиканы, оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау үшін дағдарысқа қарсы кешенді шараларды жүзеге асырды. Парламент депутаттары да Үкіметпен тығыз жұмыс істей отырып, коронавирус дағдарысының салдарын еңсеруге өз үлестерін қосты. Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттердің келесі кезеңін іске асыру үшін де Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары – бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет.

Сенаторлар бюджеттің тиімсіз шығыстарын қысқарту үшін бірқатар нысанды жекешелендіру керек деп санайды. Сол себепті осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, барлық рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету керек екенін атап өтті. Былтыр бюджет шығыстарының 61% мұқтаждықтарға жұмсалған. Тек 15% ғана даму мақсаттарына бағытталған. «Бюджет қаражатын өндіріс орындарын салуға, инфрақұрылымға, коммуникацияға, бизнесті несиелендіру мен субсидиялауға жұмсаудың маңызы зор», - дейді сенаторлар.