Хабар телеарнасы

Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлердің құқығы мен оларға көрсетілетін көмек заңдастырылды

Егер кәсіпкер ерекше қажеттілігі бар адамдарға, зейнеткерлерге, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен көпбалалы аналарға және қандастарға қызмет көрсетсе немесе тауар өндірсе, төлейтін салығы азайтылады. Немесе несиесіне субсидия беріліп, мемлекеттік мүлікті жалға алу құны төмендетіледі. Гранттар да қарастырылуы мүмкін. Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Сондай-ақ отырыс барысында ерекше қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беру мәселесі қаралды. Енді мектеп басшылары оларға барынша жағдай жасауы тиіс. Құқықтарын бұзса, заң алдында жауап береді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетуге үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ретте әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор. Сондықтан қабылданып отырған заңдарды осы жолдағы нақты қадам деп айтуға толық негіз бар. Бұл заңға Сенаттың депутаттары бастамашы болып, жобаларды дайындағанын ерекше атап өткен жөн. Отандық заңнамада алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлік деген бағытқа анықтама беріліп отыр. Мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетіні де бірінші рет нақты жазылды. Алдағы уақытта қабылданған заңдар әлеуметтіңк кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыс орындарын ашуға және басқа да өзекті мәселелерді шешуге өз ықпалын тигізеді деп сенеміз.