Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді

Парсы шығанағындағы шағын ел өңірлік саясатта да, халықаралық аренада да белсенді. Экономикасы қарқынды дамығандықтан өзге жұртқа инвестиция салуға қауқарлы. Мәртебелі мейманның бұл жолғы сапарында да екі ел біраз уағдаластыққа қол жеткізді. Қатар тарапы біздегі ауыл шаруашылығы, геология, тау-кен, көлік және логистика саласына қаржы құюға ниетті. Қаржы, банк қызметі бойынша да бірлескен жобаларды жүзеге асырғысы келеді. Бұл Қатар сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға алғаш келуі. Кездесуде ол коронавирус індетіне қарсы қазақстандық вакцинаның әзірленуіне байланысты Қатар басшысының құттықтауын жеткізіп, аталған мәселе бойынша кез келген көмек қолын созуға дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Катар арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуда өте маңызды. Бұған дейін Катар Әмірімен телефон арқылы пікір алыстық. Экономикалық ынтымақтастығымызды дамытуға, өзге салаларда әріптестікті арттыруға мүмкіндігіміз мол деп есептеймін. Келешекте біз өзара ынтымақтастық бағытында үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін.

Мұхаммед Бен Абдулрахман Әл Тәни,  Қатар Премьер-Министрінің Орынбасары–Сыртқы істер министрі:

- Қабылдауыңыз үшін рақмет. Мен сізге және қазақ халқына Жоғары мәртебелі Қатар Әмірінің сәлемін жеткізгім келеді. Ол маған экономика саласына баса мән беріп, ынтымақтастығымыздың берік негізін құрудың жолдарын қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ коронавирус індетіне қарсы қазақстандық вакцина әзірленіп жатқанымен құттықтап, аталған мәселе бойынша кез келген көмек көрсетуге дайын екендігімізді айтқым келеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады. Кездесуде Президентке Қазақстанның соңғы бес айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді. Асқар Маминнің айтуынша, дамудың негізгі қозғаушы күші – өңдеу өнеркәсібі. Оның ішінде машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс секторы болып отыр. Сонымен қатар кездесуде көктемгі егін егу жұмыстарының нәтижесі де айтылды. Осы мақсатта 128 миллиард теңге қаржы бөлініп, 380 мың тонна жанармай нарықтағы бағадан 14% төмен сатылған. Бұдан бөлек Премьер-Министр елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың жақсарғанын айтып, Covid-19 індетінің таралуы бойынша Қазақстан «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өткенін жеткізді. Өз кезегінде Президент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, құрылыс материалдарының бағасын реттеу, сыртқы және ішкі инвестиция көлемін арттыру шараларын жүзеге асыруға баса мән беруді тапсырды.