Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші жалпы отырысы өтті

Бірақ бұл көрсеткішке қалай жетеміз? Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші жалпы отырысы өтті. Жиында кеңестің құрамына кіретін алпауыт компаниялар Қазақстанның өнімін сыртқа экспорттау, елге инвестиция тарту, цирфландыруды жетілдіре түсу мен экологияны жақсарту төңірегінде де ұсыныстарын айтты. Қазір кеңес құрамына 37 ірі трансұлттық компания, халықаралық ұйымдар мен министрлік басшысы кіреді.

Осыдан 23 жыл бұрын құрылған Шетелдік инвесторлар кеңесінің негізгі міндеті – елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту. Бұл жұмыс өткен күрделі жылы да тоқтаған жоқ. Былтыр Қазақстанға келген инвестиция көлемі 18 млрд АҚШ долларынан асса, пандемия кезінде шетелдік инвесторлардың көмігімен 7000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Пандемия кезінде Қазақстанның шикізаттық емес тауарлар экспорты 15 млрд доллар болды, бұл дағдарысқа дейінгі көрсеткішкен небәрі 2,8% қана аз. Осынау дағдарыс жылында біз 18 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарта алдық. Былтыр шетелдік қатысумен өңірлерде жалпы сомасы 1,6 млрд доллар болатын 41 инвестициялық жоба қолға алынды. 7000-нан астам жұмыс орны құрылды. Әлем экономикасы қалпына келе бастаған кезде Қазақстан да экономикалық өсім қарқының арттырып жатыр. Біздің Үкіметтің болжамы бойынша бұл өсім 3,5% болуы мүмкін.

«Пандемия экспорт саласына қатты әсер етті», – дейді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов. Өткен жылы қазақстандық өнімдер жеткізілетін елдер саны 190-нан 119-ға дейін қысқарған. Экспортталатын тауар позицияларының саны да алты позицияға төмендепті. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Дегенмен осы жылы біз үшін жаңа нарықтар ашылды. Камерун мен Судан, Сальвадор және Никарагуа сияқты елдермен байланыс орнаттық. Карантиндік шектеулер мен жеткізу тізбегіндегі іркілістердің ауыл шаруашылығы тауарларына әсері аз болды. Елдердің базалық азық-түлік өнімдерін үлкен көлемде әрі үзбей сатып алуы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 18%-тен асыруға мүмкіндік берді. Локдаун кезінде азық-түлік емес тауарларға деген сұраныс 20%-ке төмендеді.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның экспорттық әлеуеті зор. Олар елдегі өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін – 10, қызмет көрсету саласының экспорттық әлеуетін тағы 10 млрд долларға бағалайды. Осылайша, 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 41 млрд долларға дейін ұлғайтуға болады деп болжайды. Бұл болжам ендігі межеге де айналып үлгерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл – орта мерзімді мақсат. Осы әлеуеттерді пайдалану үшін нақты шаралар қабылданды. Біріншіден, қажетті инстутиционалдық негіз құрылды. 2019 жылы арнайы өкілетті орган – Сауда және интеграция министрілігі құрылды. Қазір бұл ведомство отандық экспорттаушыларға қолдаудың толық пакетін ұсынып отыр. Жалпы алғанда экспортты қолдау мақсатына шамамен 1,2 млрд АҚШ доллары бағытталды. Бір сөзбен айтқанда, экспортты дамыту жөніндегі жоспарларымыз институционалдық және қаржылық жағынан да қолдау тапты.

Бүгін кеңеске мүше компания басшылары экспортты қолдаудың тетіктерін ұсынды. Мысалы, Азиялық даму банкі саудадағы іркілістерді цифрландыру арқылы ғана жеңуге болады десе, Дойче Банктің өкілі Қазақстанға жасыл облигациялар мен қаржы құралдарын шығаруды ұсынады. Қазақстанның тіпті сән индустриясын да дамытуға үлкен мүмкіндігі бар.

Констанц Ульмер-Айлфорт, инвестор:

- Киім мен тоқыма – Қазақстан экономикасының басым секторларының бірі. Бірақ соған қарамастан бұл сектор айтарлықтай дәрежеде жеткілікті дамымай отыр. Біз Қазақстанның сән және тоқыма индустриясын дамыту үшін айтарлықтай мүмкіндіктері бар деп санаймыз. Бұл киім мен тоқыма елдің жетекші шикізаттық емес экспорттық позицияларының біріне айналуға мүмкіндік береді.

«Бізге азық-түлік өнімдерін жеткізу географиясын одан әрі кеңейте түсу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тұтастай алғанда сапалы, экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау біздің басымдықтарымызға айналуға тиіс. Отандық өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде тануды қамтамасыз ету маңызды. Бұл сауда және ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдаудың маңызды бағыттарынан болуы тиіс.

Инвесторлардың ұсынысын мұқият тыңдаған Президент 6 тармақтан тұратын өз ұстанымын да жеткізді. Президенттің пікірінше, экспорттық кредиттерді субсидиялау қажет. Және бұл тетік жақын арада Kazexport бірыңғай операторы арқылы жүзеге асуы мүмкін. Дегенмен ақшаның экспорттаушыларға жедел әрі артық бюрократиясыз жетуі тиіс. Сондай-ақ Президент Қазақстан QazVac отандық вакцинасын экспорттауға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан өзінің ғылыми әлеуетінің арқасында QazVac коронавирусына қарсы өз вакцинасын жасап, шығара алған санаулы елдердің бірі екенін атап өткім келеді. Өткен аптада мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен кездестім. Бұл ұйым QazVac-ты төтенше жағдайларда пайдалану үшін ұсынылған дәрі-дәрмектер тізіміне енгізуді қарастырады. Біз вакцина өндірісін ұлғайтып, оның шетелге экспортын жолға қоюға дайын екенімізді атап өткім келеді.

Қазақстан инвестиция тарту жағынан өңірде көшбасшы болып қалуы керек. Әрі шикізатты емес экспортын ұлғайтуға шындап кірісуі керек. «Мүмкіндік бар, меже анықталды», – деді Президент.