Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесті

Қазақстан тарапы оның нақты нәтиже әкелуіне мүдделі. Қазақстан Президенті Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен бейнеконференция форматында кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, аталған ұйыммен ынтымақтастық – еліміздің басымдықтарының бірі. Президенттің пайымынша, Қазақстан көпжақты сауда жүйесін белсенді қолдайтын болғандықтан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер министрлерінің 12-ші конференциясының нақты нәтиже әкелуіне мүдделі. Сондай-ақ күн тәртібіндегі барлық шешілмеген мәселелерді талқылауға өз тарапынан конструктивті түрде үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Нгози Оконджо-Ивеала Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы күрестегі күш-жігерін жоғары бағалап, отандық QazVac вакцинасының әзірленуімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дүниежүзілік сауда ұйымы – біздің стратегиялық әріптесіміз. Биылғы қарашаның соңы желтоқсанның басында өтетін ұйымға мүше елдер министрлерінің 12-ші конференциясына төрағалық ету – үлкен мәртебе. Қазақстан Үкіметі ортақ іс-шарамыздың барлық мазмұндық және ұйымдастырушылық мәселелеріне қатысты пысықтау жұмыстары бойынша ДСҰ Хатшылығымен тығыз ықпалдастық орнатады.