Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: энергия көздеріне ауқымды техникалық аудит жүргізу қажеттігі туындап отыр

Демек, энергетикалық қауіпсіздік – біз үшін аса маңызды. Сондықтан болашақ энергиясы яғни жаңартылатын қуат көздерін көбейту күн тәрбітінде тұруы тиіс.

Бірақ бұл салада проблема бар. Энергия өндіретін нысандардың жартысынан астамы тозған. Энергетиканың бүгіні мен болашағы Ақордада айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев тариф әділдігі, баламалы қуат көздерін дамыту, салада сапалы маман даярлау мәселесін көтеріп, жауапты ведомство басшыларына бірқатар міндет жүктеді.

Басқасы басқа, дәл Қазақстан үшін электр энергетикасы аса маңызды. Электр энергиясының үздіксіз жеткізілуі және оның тарифі. Ел экономикасындағы көп сектордың тағдыры осы екі факторға тікелей тәуелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

- Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты.

Тариф демекші, пандемияға байланысты осы жылдың 1-тоқсанының соңына дейін барлық тариф түрлері кейінге шегерілді. Бірақ бағаны үнемі бақылауда ұстап тұруға болмайды. Себебі тарифтер шығындарды жабуға және саланың дамуына мүмкіндік туғызады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

- Әдетте тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүктелетіні жасырын емес. Жекелеген аймақтарда оның айырмашылығы 400% жетеді. Мұның нарықтың дамуына кесірі тиіп қана қоймайды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын тигізбейді. Энергияны тиімді пайдалану және оны көп тұтынуды төмендету міндеті орындалмай отыр.

Қазақстанда электр энергиясын өндіретін 181 станция бар. Осы станциялардың негізгі жабдықтарының 57% тозған. Президент энергия көздеріне ауқымды техникалық аудит жүргізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

- Қазақстанда негізгі энергия қуатын беретін нысандар, оның ішінде жылу станциялары 40 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес олардың 50% астамы тозған. Бұл электр станцияларындағы технологиялық заң бұзушылықтардың артуына әкеп соқтырады. 2019 жылы – 4010, 2020 жылы – 4458 заң бұзушылық тіркеліп, оның өсім деңгейі 11% артқан. Энергия көздеріне ауқымды техникалық аудит жүргізу қажеттігі туындап отыр. Біз энергия қуатын беретін станциялардың қай жерде және қашан іске қосылатынын немесе істен шығатынын, сондай-ақ олардың жөнделетін, жаңғыртылатын уақытын анық білуіміз керек.

Бұдан әрі соза беруге болмайды. Президент Алматыдағы екінші Жылу электр орталығын газға ауыстыру мәселесін жеделдетуді тапсырды. Бұл түптеп келгенде Алматы қаласының экологиясы үшін, демек тұрғындардың денсаулығы үшін қажет қадам. Жалпы баламалы энергия көздерін дамыту мәселесінде Қазақстан қол жеткізген көрсеткіштер жаман емес. Сондықтан Президент межені өзгертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

- Бұған дейін біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10% дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станциялардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15% дейін жеткізуді міндеттеймін.

«Мен жасыл технологияны жақтаймын». Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, халықты жаңартылатын қуат көздерін пайдалануға ынталандыру қажет. Жаңартылатын қуат өндіру бойынша жобалар жүзеге асып жатыр-ау, бірақ сондағы қазақстандық өнімнің үлесі өте аз. «Көздің жауын алатын жаңа станцияларды салуды үйреніп қана қоймай, жергілікті өндірісті, ғылым мен технологияны дамытып, білікті отандық кадрларды дайындау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Президент атом станциясының құрылысы жайында да пікір білдірді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

- Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. Атом станцияларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды.

Ел энергетикасы жайында сөз қозғағанда кадр мәселесін айтпай кетуге болмайды. Кадр тапшы, себебі жалақы аз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда энергетика саласы бойынша маман даярлайтын 24 жоғары оқу орны болғанына қарамастан электр монтерлері, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы мамандар тапшы. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің орташа жасы – шамамен 50 жаста. Оның үстіне бұл саладағы қызметкерлердің еңбекақысы да төмен. Соның салдарынан  2015-2020 жылдар аралығында кадрлардың тұрақтамауы 4%-тен 15% дейін жетті. Бұл мәселені жедел түрде шешу керек. Әйтпесе бірнеше жылдан кейін кадр тапшылығы мәселесі ушыға түседі.

Әлемде энергияны генерациялаудың және сақтаудың жаңа технологиялары пайда болып, сынақтан өтіп жатыр. Президент жаңа энергетика жөніндегі құзырет орталығын ашуды ұсынды. Онда энергетика саласындағы жоғары технологиялық инновациялар сынақтан өтетін болады.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Айдос Серікболұлы