Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаевтың Тәжікстанға сапары нәтижесінде бірнеше сауда келісіміне қол қойылды

Дегенмен Президент сапарының аясында енді бірқатар кәсіпкердің тасы өрге домалайтын болды.

Мемлекет басшыларының ертеңгі жоғары деңгейдегі келіссөзіне дейін Душанбеде арнайы бизнес форум өтті. Нәтижесінде қазақ пен тәжіктің бизнес өкілдері өзара бірнеше келісім жасасты.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Тәжікстан – коронавирусты жеңген мемлекет. Осылай деп Президент Эмомали Рахмон мәлімдеме жасаған. Тіпті бірнеше айдан бері бұл елде бірде-бір адам коронавирус жұқтырмаған. Сондықтан болар дала былай тұрсын, базардың ішінде халық маскасыз жүр.

Бір жыл бойы әлемнің өзге елдері сынды томаға тұйық күй кешкен тәжіктер қалыпты тіршілігіне оралған соң, біздің елмен арадағы байланысты жандандыра түспек. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары һәм сапар аясында өткен бизнес форум дәлел. Тәжіктермен сауда келісімдерін жасауға Душанбеге қазақ елінен 20 шақты компанияның басшысы келді. Мәселен, біздегі электр компаниясы тәжіктерге екі айдан соң төрт трасформатор сатады. Форум аясындағы бір келісім осы.

Еркебұлан Ілиясов, электротехникалық жабдық өндіретін компанияның директорлар кеңесінің төрағасы:

- Тәжікстан елінде 70-80% трансформаторлардың көбі біздің Кентау трансформатор зауытында жасалған.

Жалпы Кентау тансформатор зауыты мен Тәжікстан арасындағы байланыс сонау 1959 жылы орнаған. Елімізден тәжік тарапына жылына 2-3 млн долларға трансформатор сатылады.

Тәжікстан жерінің 94% таулы. Сондықтан бұл елде гидроэлектр станциялары экономиканың драйвері саналады. Бірақ техникалық база ескі. Енді ескілерін біздің жаңалармен алмастырмақшы.

Джамшед Джумахонзода, Тәжікстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:

- Тауарды сатып алып жатқан әр компания біріншіден сапа мен бағаға мән береді. Біз тауарларыңыздың сапасына көз жеткіздік. Сондықтан таңдауымыз сіздерге түсті. Форумға Қазақстаннан жиырма компанияның басшысы келсе, бізден аталған жиынға жүз жиырма компанияның жетекшісі қатысты. Бұл тәжік кәсіпкерлерінің қазақ елінің бизнес өкілдерімен байланысты нығайтып, өзара сауда жасасуға ниетті екенін аңғартады.

Әріптестіктің көкжиегі теміржол саласында да кеңеймек. Біздің ірі акционерлік қоғамның басшылығы бизнес форумда Тәжікстанның сауда палатасымен бірнеше келісімге қол қойды. 

Нұралы Бөкейханов, Сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары:

- Біз келісім бойынша жыл соңына дейін 70 млн-ға Қазақстаннан тамақ өнеркәсібінің өнімдерін, ауылшаруашылық өнімдерін, құрылыс өнімдерін экспорттау жоспарына қол қойдық. Ең ірі келісімдердің бірі – Қазақстанда өндірілген локомативтерді экспорттау бойынша келісімшарт.

Сонымен, бізден тәжік еліне жылдың соңына дейін төрт локоматив жеткізіледі. Хош. Індеттің құрсауында қалып, байланысы баяулаған елдер қазір осылайша әріптестікті жандандыруға бейілді. Жалпы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы былтыр 910 млн АҚШ долларын құраған. Экспорт 757 жарым миллион доллар болса, импорт 152 миллион доллар. Ал биыл...

Азамат Асқарұлы, Сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры:

- Биыл импорт 240 млн долларды құрап отыр. Бұл – 14% өсім. Ең алдымен, біздің бидай, ұн, май және басқа да тауарларымыз экспортқа шығарылады. Келісіп отыратын жаңа салаларды айтсам, олар – медицина, IT, және жалпы қызмет жасау сферасы.

Екі ел кәсіпкерлерінің аралас-құраластығын арттыратын мұндай жоғары деңгейдегі бизнес форум соңғы он жылда алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға жасаған ресми сапарының мәні де осы. Ертеңгі жоғары деңгейдегі келіссөз арқылы екі ел арасындағы бауырластықты бекемдеу, серіктестікке серпін беру.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров