Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев Ө. Шөкеевке Түркістан облысын дамытудың 2018-2024 жылғы жоспарын қайта жаңартуды тапсырды

Осы аралықта облыстың жалпы ішкі өнімі 41% өсіп, инвестиция шамамен 2,5 есе артқан. Бұл жайында Президенттің қабылдауында болған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтып берді.

Өңір басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ковид-менеджмент бойынша жүйелі жұмыс жасалғанын, санитарлық-эпидемиологиялық тәртіптің қатаң сақталғанын, халыққа екпе егу ісінің қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. Жалпы Түркістан облысы бойынша 1 миллион адамға екпе егілуі керек болса, бүгінде оның 200 мыңы вакцина салдырған. Аймақтағы жұқпалы аурулар ауруханаларындағы төсек-орындар мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті және қажет құралдармен жабдықталған. Әкімнің айтуынша, қазір облыс «жасыл аймақта», соған сәйкес кейбір шектеулер біртіндеп алынып жатыр.

Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласында қолға алынған жұмыстар жөнінде жеке тоқталды. Қалада 250-ден астам жоба жүзеге асырылған, 445 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған. Мемлекет басшысы облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, Түркістан облысын дамытудың 2018-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарын қайта жаңартуды тапсырды.