Хабар телеарнасы

Елбасы: Қарулы Күштер егемендік пен аумақтық тұтастықты сақтауға қауқарлы болуы тиіс

Онда 2030 жылға дейінгі Қарулы Күштерді құру және дамыту тұжырымдамасының жобасы мен шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

«Қазақстан кез келген жанжалды бейбіт жолмен шешу саясатын ұстанып келеді», - деді Елбасы. Алайда кез келген жағдайға дайын болып, Қарулы Күштерімізді күшейте беруіміз керек екенін алға тартты.

Әлем әрі-сәрі күй кешіп, жаһандық пандемия саябырси қоймаған тұста қамсыз отыруға болмайды. Отырысты ашқан Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы вакцинациялаудың маңызына жеке тоқталды. Бұдан бөлек экономиканың даму қарқынын сақтап, әлеуметтік мәселелерді шешуге ден қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы:

- Қазір дүниедегі жағдай бірқалыпты болып тұрған жоқ. Пандемияның үшінші толқыны басталды деген ақпарат бар. Бизнес,  әлеуметтік сала, білім беру жүйесі карантин жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр. Мемлекет коронавирусқа қарсы күресте қолдан келгеннің бәрін жасап жатқаны белгілі. Пандемияны біржола жеңу үшін әлемнің озық елдері жаппай вакцина салуға үміт артып отыр. Біз де сол жолмен жүруіміз керек. «1 млн 800 мың адам алды» деген ақпарат алдым. Бірақ барлық жерде екпе салуды тездету керек.

Біздің ел бейбітсүйгіш. Ешкімнің жеріне көз алартпаймыз, алайда кез келген тосын жағдайға дайын тұрамыз. Тәуелсіз ел атанған күннен бастап осы саясатты берік ұстандық. Бұған қоса жауынгерлік дайындыққа, әскерді заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етуге мән бердік. Көршімен татумыз, шекарамыз берік. Аспанда айбарлы қуатқа, теңізде тегеуірінді күшке, құрлықта құрышты қалқанға айналған Қарулы Күштерімізді күшейте беру – заманның талабы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы:

- Мықты армия – ел қауіпсіздігінің кепілі. Келесі жылы тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақытта құрлықтағы, судағы, әуедегі кейбір кеңістіктегі қауіп-қатерге қарсы тұра алатын жауынгерлік әзірлігі жоғары әскер құрдық. Әскери білімнің кешенді жүйесі құрылды. Әскери ғылымға, қорғаныс саласына бөлінетін қаржы жыл сайын өсіп келеді. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарда заманға сай қару-жарақ пен әскери техника шығарылу жолға қойылған.

Асқынған ауру айналып өтпеген сала жоқ. Былтыр жаһанның экономикасы тым құлдырап кетті. Соңғы елу жылда болмаған ең төменгі көрсеткіш тіркелді. Бірақ соған қарамастан әскери шығындар 4% өсіп отыр. Ақшаға шаққанда 1 трлн 800 млрд доллардан асқан. Бұл цифрды Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Елбасы атады.

Қазір әскери қақтығыстардың өңі өзгеріп барады. Цифрлық кеңістіктегі жанжалдарды көретін күн алыс емес. «Сириядағы, Таулы Қарабахтағы соңғы уақытта болған бірқатар қақтығыс спутниктік бақылау, коммуникация мен навигацияның орасан рөлін көрсетті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы:

- Қарулы Күштер елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтап, ұлттық мүдделерімізді қорғауға қауқарлы болуы тиіс. Мұның бәрі алдағы 10 жылға арналған армияны дамыту жоспарында ескерілуі керек.

Ал шекарадағы қауіпсіздікті күшейту тек Шекара қызметінің жұмысы мен күзет тәсілдерін дамыту емес, экономикалық, ақпараттық, қоғамдық және әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешумен байланысты.

Шекара маңындағы аумақтардың мәселесіне де Нұрсұлтан Назарбаев жеке тоқталды. Экономикалық тұрғыдан тиімді аймақтарға қаржы бөлінгені дұрыс, алайда шекаралас өңірлердің де стратегиялық маңызы зор. Осы тұста Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы елді мекендердің жабылып, инфрақұрылымның тозуына жол бермеу керегін айтты. «Бұл аймақтардың экономикасы қуатты, жері игерілген болуы тиіс», - деп түйіндеді Елбасы.

Авторы: Дархан Әбдуахит