Хабар телеарнасы

Үкімет басшысы вакциналау арасындағы интервалды нақтылауды тапсырды

Оның үстіне Денсаулық сақтау министрлігі: «Егілуі тиіс екі компоненттің арасын алшақтатамыз», - деп азаматтарды тағы бір алаңдатып қойды. Әуелі 21, кейін 45, сосын 90 күн. Бұл мәселе Үкіметте тағы айтылды. «Нақтылық керек», - деді Асқар Мамин.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау арасындағы интервалды нақты анықтап, халықтың қалауына назар аударуы керек. Сонымен қатар шектеу шараларын сақтау жөніндегі монтироингтік топтардың жұмысын жалғастыру қажет.

Министрлер кабинетінің басшысы Ashyq қосымшасының қолданылу аясын кеңейтуді тапсырды. Ashyq бәрін ашып қоймаса да, бұл бизнес үшін үлкен көмек болды. Жалпы жобаны енгізгеннен бері елімізде ПТР-тестің оң нәтижесі бар 2 мыңға жуық адам анықталған. Олардың 37-сі коронавируспен ауырып жүргеніне қарамастан Нұр-Сұлтан әуежайына кіруге тырысқан. Бүгінде қосымшаны 1.5 миллионға жуық қазақстандық пайдаланады. Жүйеде 6 мың шағын және орта бизнес нысаны бар. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов: «Карантин тәртібін бұзғандарға шараны қатаңдату керек», - деп түйді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Ashyq жүйесі азаматтар арасында шектеу іс-шараларын өрескел бұзушылардың артып отырғанын көрсетті. Сол себепті бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі Әділет министрлігімен және Бас прокуратурамен бірге санитарлық режимді бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік шараларды қолдану механизмдерін пысықтауы қажет.

«Қыстың қамын жаз ойла». Үкіметте талқыланған тағы бір мәселе – алдағы жылыту маусымына дайындық. Қыстан қысылмай шықтық дегенмен, өткен қыста ел бойынша 121 технологиялық бұзушылық анықталған. Энергетика министрлігінің мәліметінше, әсіресе жылыту маусымына Батыс Қазақстан, Түркістан және Қарағанды облысының атқамінерлері мұқият дайындалуы тиіс. Себебі өткен жылыту маусымында, осы өңірлерде ең көп ақау тіркелген. Дегенмен жылыту маусымына қазақстандықтардың да жауапкершілігі қажет. Ел азаматтарының коммуналдық қарыздары өсіп барады.

Биыл тұрғындардың коммуналдық қарыздары өткен жылмен салыстырғанда 600 млн теңгеге артқан. Осылайша, жалпы қарыз көлемі 15 млрд теңгеден асып кетті. Жылу, су, жарық үшін төлемейтіндер әсіресе Шымкентте көп. Елордалықтар да енжар, Алматы, Қызылорда мен Маңғыстау облысы тұрғындарының коммуналдық қарыздары да қордаланып қалған.

Коммуналдық қарыздардың өсуіне пандемияның да әсері бар. Бұл түсінікті. Асқар Мамин қазақстандықтардың қарызын азайтуды тапсырғанымен, оның жолын айтқан жоқ. Тек жағдайды ушықтырмау үшін көмір бағасын өсірмеуді осы бастан ескертті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, көмір бағасын ерекше бақылауға алсын және халық үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдасын.

1 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдары, 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй және әлеуметтік сала нысаны жылыту маусымына дайын болуы керек. Қысқа дайындық қызу. 8 энергоблок, 48 қазандық, 49 турбина және 441 жоғары вольтты қосалқы станцияны жөндеу жоспарланып отыр.