Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысының қоғам игілігі үшін жасап келе жатқан сындарлы саясаты жетістіктерге жетелеп келеді

Әсіресе алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індеті экономиканың көптеген саласына зардабын тигізген кезде бұқараның өзегін талдырмас үшін ілкімді бастамаларын ұдайы ұсынып жүрді. Ендеше, Мемлекет басшысының соңғы Жолдауындағы сандар мен дәйектерді бір саралап көрсек.  

Пандемия салдарынан уақытша табысынан қағылған 4,5 млн ел азаматы 42 500 теңге көлемінде көмек алды. Бұған 450 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Мемлекет басшысы әлеуметтік сала мен экономиканы қолдауға Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінетінін айтты. Себебі дағдарысты еңсеріп, экономиканы қалпына келтіру үшін кемінде 5 жыл қажет екен.

Президент мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру керегін айтып еді. Себебі пандемия кезінде көбі қашықтан жұмыс істеп, еңбек күшін қысқартуға болатынын дәлелдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр мемлекеттік қызметкерлер санын – 10%, ал биыл – 15%, сөйтіп жыл аяқталғанша 25% қысқартуды тапсырған.

«Қазір әлем жаңа дәуірге бет бұра бастағандай. Сондықтан біз үшін әр тараптандырылған және жаңа технологияға негізделген экономика құрудан басқа жол жоқ», – деді Президент. Ол үшін Мемлекет басшысы жаңа экономикалық бағдардың жеті қағидатқа негізделуі керек екенін атап өтті. Олар: игілік пен міндетті әділ бөлу, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, әділ бәсекелестік, өнімділікті арттыру, адами капиталды дамыту, «жасыл» экономиканы дамыту, дұрыс шешім қабылдау, қоғам алдында жауапты болу.

Келесі мәселе – жерді тиімді пайдалану. Қазір аграрлық саланы дамыту маңызды. Сол үшін Президент агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырды. Негізгі міндеттер мынадай: азық-түлікпен қамту, ауыл табысын арттыру, еңбек өнімділігін 2.5 есе көбейту мен агроөнім экспортын екі еселеу.

Коронавирус шағын және орта бизнеске айтарлықтай зиянын тигізгені белгілі. Президент қысыл-таяңда кәсіпкерлердің кеудесінен итермеді. Керісінше қолдау көрсетті. Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін салықтан босатты, субсидия берді, жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік жасады. Осылайша, бағдарламаның жалпы құнын 800 млрд теңгеге дейін жеткізді. 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 35% дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. «Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болуы тиіс», – деді.

Былтырғы Жолдауда айтылған жағымды жаңалықтың бірі – азаматтардың зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін пайдалануға беру. «Биыл ғана бастау алған жобаның игілігін 700 мың адам көреді», – деді. Ол ақшаны емделуге, оқуға, тұрғын үй алуға жұмсауға болады. Былтыр ғана «5-10-25» бағдарламасы іске қосылды, 390 миллиард теңге бөлінді.

Биылдан бастап іске қосылған тағы бір ілкімді жоба «Аңсаған сәби» деп аталады. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, бала сүйе алмаған азаматтардың мүмкіндігін кеңейтеді. Ол үшін берілетін квота саны 7 есеге дейін көбейтіліп, барлығы 7 мыңға жетті.

Ұстаздар жалақысының аздығы да назардан тыс қалмады. Президент: «Былтыр 2021 жылдан бастап мұғалімдердің еңбекақысы өседі», – деді. Ұстаздар қауымының айлығын 25% көбейту туралы шешім қабылдады. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді. Одан бөлек 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтамасыз етуді міндеттеді.

Ұстаздардан бөлек дәрігерлердің де жалақысы өсіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болатынын айтқан. Сондай-ақ 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Осы мақсатқа орай 1.5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылмақ.