Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: алдағы 10 жылда елдің жаңа келбетін, ұлттың жаңа болмысын қалыптастырамыз

Бүгінде Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің дені жүзеге асты. «Айтылды-орындалды» ұстанымы ұтымды.

«Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай, лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», - деген Президенттің сөзі бар. Алған бағыт айқын, ал мақсатымыз анық. Осы тұста атқарылған жұмыстарды ой елегінен өткізуді жөн көрдік.

Әділетті қоғам және тиімді мемлекет құру. Алдағы онжылдықтың межесі осы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, жетістіктер мен халықаралық табыстарды мақтан ету артық», – деп түйді. Азаматтар экономикалық өсімнің игілігін көрмесе, одан еш қайыр жоқ деп нығырлады. Әлеуметтің әл-ауқатын одан әрі жақсарту, әр азаматтың мүддесін қорғау – Президент Тоқаев назарға алған басты мәселелер. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін.

Қоғамдық-саяси өмір жаңғырмайынша, табысты экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында:  «Мұны – басты қағидатымыз», – деп атады, кейін осы бағдар аясында біраз бастама жүзеге асты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасындағы диалогті нығайтты.

Ұлықтау рәсімі өткен күні құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі «талқыға салса, шешілмейтін мәселе жоқ» екенін көрсетіп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ. Реформаларды ешкімге жалтақтамай, ұдайы іске асырамыз. Басты мақсат – еліміздің күш-қуатын, әлеуетін нығайту, ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін тиімді шешімдер қабылдау. Бұған ешкімнің күмәні болмауы тиіс.

Биыл зейнетақы қорының салымшылары өз жинақтарының белгілі бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге және басқару компанияларына беруге мүмкіндік алды. Қазіргі таңда 1.2 трлн теңгеден астам қаражат кәдеге жарады. Бұған дейін тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың қарызы кешірілген еді. Бұл – 500 мың адамның несиесі өтелді деген сөз. Былтыр ауру асқынған кезде уақытша табыссыз қалған 4.5 млн-нан астам азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілді. 2025 жылға дейін мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыру жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы бар. Бұл тапсырма да біртіндеп жүзеге асып жатыр. Ал 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады. Бұл – Президенттің пәрмені. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан, айтып қана қоймай, орындаған бір мәселе өткен аптаның еншісінде қалды. Өткен аптада маңызды құжатқа қойылды. Осылайша, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, мың дана шетелдік жұмысшы тартылады», - деген сияқты түрлі қауесет әңгіме тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Тағы да шегелеп айтамын: жерімізді ешкімге бермейміз, халықтың мұң-мұқтажын әрқашан ескереміз.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесімен қатар тиімді қызмет атқарып келе жатқан құрылымның бірі – Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес. Алдын ала әзірленіп, бекітуге ұсынылатын, алайда іске келгенде кібіртіктеп қалатын жобаларды елеп-екшеу керек екенін Президент әу баста айтқан. Себебі Қазақстанда басқа да консультативтік-кеңестік органдар жоқ емес, бар. Солардан Реформалар  жөніндегі жоғары кеңестің жұмысы жоғары болуы тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

- Біздің алдымызда мемлекеттік стратегия мен тәсілін өзгерту міндеті тұр. Ел азаматтары бізден тың көзқарас пен мүлде жаңа шешімдер күтіп отыр. Бұл тұста Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес негізгі рөл атқаруға тиіс. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілетін күшейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін дәл осы кеңесте өте күрделі мәселелер жөнінде шешімдер қабылданатын болады.

2019 жылдың наурызында Президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев сол жылы маусымда өзінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жоспарын бекітті. Жүйелі жоспардағы мақсат-міндеттер кейін Мемлекет басшысының Жолдауында көрініс тапты. Осылайша, алғашқы жылдағы қауырт жұмыс кейін пандемияның қарбаласына ұласты. Аурумен алысып келе жатқан кезең тұтас мемлекетке, тұтас қоғамға жаңа талап қойды. Алайда ерте ме, кеш пе індеттің беті қайтатыны рас. Сондықтан дағдарыс тұсында дағдарып қалмай, керісінше экономиканың екпінін күшейтудің қамы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үнемі назарында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

- Еліміз егемендіктің келесі белесіне тың өзгерістермен қадам басқалы отыр. Алдағы 10 жылда елдің жаңа келбетін, ұлттың жаңа болмысын қалыптастырамыз. Тиімді заңдар қабылдау арқылы маңызды реформалардың негізі қаланады. Экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларды табысты жүзеге асырсақ, елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болмақ.

Іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа әрі озық үлгісін жасап берген Елбасы жолын жалғау, ауыр болса да тәуір саналатын әділеттілік бағытынан жаңылмау, тек алға басу. Президенттің осы үш ұстанымы өрелі өзгерістерге бет алған Қазақстанды жетістіктерге жетелеп келеді.

Авторы: Дархан Әбдуахит