Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: Қазақстан мен Финляндия арасындағы жасыл технологиялар мен телекоммуникация салаларына басымдық беріледі

Бұл туралы ол осы елдің Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі Вилле Скиннариді қабылдауы кезінде айтты. Президент мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Қазақстанның сыртқы саясатында Суомидің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Финляндия – Солтүстік Еуропадағы Қазақстанның ең ірі инвесторы. Арада берік дипломатиялық байланыс орнаған.

Кездесуде осы жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогты қолдау жайы қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президентіне сәлем жолдап, елімізге ресми сапармен келуді ұсынды. Өз кезегінде Вилле Скиннари де саяси диалогты тереңдетіп, Қазақстан мен Финляндия арасындағы сауда-саттықты дамыту мен инвестиция тарту маңызды екенін айтты. Президент фин технологиясын трансферттеуге біздің ел ерекше жеңілдіктер жасайтынын айтты. Әңгімелесу барысында өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де қозғалды. Орталық Азияның экологиялық мәселелерін шешудің және Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейтудің әлеуеті мол екені айтылды.