Хабар телеарнасы

Президент бірқатар Мемлекет басшыларымен телефон арқылы сөйлесті

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен тілдесу кезінде қазақ-қырғыз серіктестігі талқыланды. Садыр Жапаровтың биылғы 2-3 наурыз күндері Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қабылданған келісімдердің орындалу барысы сөз болды. Қырғыз басшысы гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді.

Президент Эмомали Рахмонмен келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Тәжікстанға жасайтын ресми сапарының жай-жапсары талқыланды. Қос ел басшыларының пікірінше, Душанбеде өтетін келіссөздер қазақ-тәжік әріптестігінің көкжиегін кеңейтіп, өңірлік ынтымақтастықты жандандыруға жаңа серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов қазақ-түрікмен байланысын жаңа әрі сапалы деңгейге жеткізуге бейілді. Мемлекет басшыларының пікірінше, бұған Қазақстан Президентінің алдағы уақытта Ашхабадқа жасайтын сапары тың серпін бермек. 

Ал Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен әңгіме барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жайы сөз болды. Бұл ретте екі ел үкіметтері тығыз ықпалдасуы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті биыл Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Қазақ-әзербайжан ынтымақтастығының барлық бағытына жаңа серпін беру қажет. Ол үшін әлеует жеткілікті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен тілдесуі кезінде өзара сауда-саттықты ұлғайту, экономиканың негізгі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру жайы талқыланды.

Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы телефон арқылы Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанимен де сөйлесті. Ауған тарапының бастамасымен болған тілдесу кезінде Президенттер бір-бірін қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтады. Одан соң Ауған аумағындағы саяси ахуалды сөз етті. Қазір бұл елден АҚШ пен НАТО әскерлері шығарылып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанды терроризмнен және заңсыз есірткі тасымалынан ада, біртұтас, бейбіт әрі бейтарап ел ретінде қалыптастыру жолында барынша көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Ашраф Ғани Қазақстанның ауғанішілік диалогты дәйекті түрде қолдай отырып, өз еліне нақты гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.