Хабар телеарнасы

А. Мамин: елімізде егіліп жатқан вакциналардың бәрі қауіпсіз

Бүгінде 1.5 млнға жуық адамға екпе егіліпті. Олардың басым бөлігі – қала тұрғындары. Үкімет басшысы ауыл халқы да бұл науқаннан шет қалмауы тиіс екенін жеткізді. Ол үшін көшпелі вакциналау пункттері бар. Әрі бұл істің қимылын ширату үшін әкімдерге нақты тапсырма берілді.

Вакцина алуда Алматы қаласының тұрғындары белсенді. Алып шаһардың 228 860 азаматы ем қабылдаған. Ал өңірлер арасында көш басында Алматы облысы тұр. Бұл жақта 164 351 адам препарат қабылдапты. Салдырғандардың көбі емнің тек бірінші дозасын алған. Ал екпенің екіншгі компонентін 347 474 азамат қабылдапты. Айтпақшы, қазір ел аумағында «Спутник-V», QazVaс, Hayat-Vaх екпелері қолжетімді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Тәуекелі жоғары аймақта 9 өңір бар. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстары тұр. Бұл ретте Павлодар мен Жамбыл облысы «қызыл» аймаққа өткен аптада өтті. Соңғы үш апта бойы науқастану бір деңгейде сақталып отыр деуге болады. Дегенмен өткен аптада жұқтыру көрсеткіші 2% төмендеді. Ал өлім-жітім көрсеткіші алдыңғы аптамен сәйкес келіп тұр.

Егер осы қарқынды жалғастырсақ, мамырда 2 млн-нан аса адамға препарат салу жоспарланып отыр. Ол үшін Асқар Мамин: «Қажет вакцина қоры жеткілікті», - дейді. Бірақ әзірге бір ғана екпені қабылдап, санитарлық талаптарды сақтамау – әбестік. Үкімет басшысы ауыл тұрғындарын вакцинамен қамтамасыз етуден бөлек, осы мәселелені де еске салды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Вакцинаның қажет көлемі бар. Сондықтан вакцинациялаудың осы қарқынын төмендетпей, оны тек өсіру керек. Халықтың коронавирусқа қарсы вакцинаға қажеттілігін барынша қамтамасыз етіп, пандемия деңгейін төмендету үшін барлық іс-шара іске асырылуда. Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек. Сонымен қатар вакцина алғандардың саны артқанымен, азаматтар белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауды жалғастыруы тиіс.

Ауыл тұрғындарына екпе егуді Ералы Тоғжанов та айтып қалды. Соған қарағанда шалғай елді мекендегі ел-жұрт белсенді болмай тұр-ау. Осы тұста Премьер-министрдің орынбасары әкімдерге тапсырма берді. Олар ауыл халқының жаппай ем қабылдауына көмектесу керек, және ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыруы тиіс.

Авторы: Бірлік Берікұлы