Хабар телеарнасы

Президент қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімді және екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері арасында келіссөздер болғанын қолдап, мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайын екенін айтты. Президент: «Орталық Азия елдері басшыларының кезекті консультативтік кездесуінде шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет», – деп санайды.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы қақтығысқа қатысты бірлескен мәлімдеме жариялады. Тараптар қарулы қақтығысты тоқтатып, жеке құрамдар мен әскери техниканы шекарадан алып кетуге келісті. Екі елдің құқық қорғау органдары мен атқарушы билік өкілдерінен жұмыс тобы құрылмақ. Қырғыз үкіметінің басшысы Ұлықбек Марипов пен Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расул-зада Қазан қаласында кездесіп: «Тараптар қақтығысты келіссөздер арқылы шешуге дайын», – деді.

Қырғызстанның "24-Кей-джэй" порталының хабарлауынша, тараптардың келісіміне қарамастан шекарада қайта оқ атылған. Кейін атыстың тоқтағаны хабарланды. Еске сала кетейік, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыс сәуірдің 28-і Баткен ауданының Көк-таш ауылында суды бөлу бекетінде туған еді. Жергілікті тұрғындар Тәжікстан сарбаздарынан су тарататын бекетте орнатылған бейнекамераны алып тастауды талап еткен. Екі жақ тіл табыса алмай, бір-біріне тас лақтырып, соңы қарулы қақтығысқа ұласты. Салдарынан Қырғызстанның 31 азаматы қаза тапты. 100-ден астамы жарақат алды. Кей мәліметке сай, Тәжікстан тарапынан 31 адам жараланып, 8-і қайтыс болды.