Хабар телеарнасы

Елбасы Әсет Исекешевті қабылдады

Алғашқы үш айда қылмыс саны 13% кеміген. Бұл туралы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған Әсет Исекешев мәлімдеді. Ұлттық қауіпсіздіктің барлық аспектілеріне, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мен құқық қорғау жүйесінің жұмысына одан әрі талдау жүргізіледі. Кездесуде су тасқыны мен селден қорғану, өрт қауіпсіздігі сияқты өзекті мәселелерге, сондай-ақ пандемиядан кейінгі кезеңде ұлттық экономиканы аяққа тұрғызу ісіне назар аудару жайы сөз болды.

Әсет Исекешев, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы:

- Елдің негізгі құжаттарының бірі саналатын «2025 жылға дейінгі ұлттық қауіпсіздік стратегиясының» жобасы сіздің қатысуыңызбен өткен Кеңес отырысында мақұлданды. Жоба Үкіметпен және Президент Әкімшілігімен жетілдірілді. Жақын арада бекітіледі. Ал қазір Ұлттық қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу жөніндегі іс-әрекет жоспары аясында жұмыс істеліп жатыр. Сондай-ақ 28-29 сәуірде Душанбеде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті отырысы өтеді. Аталған жиында терроризм мен есірткі қылмысына қарсы күрес және өзара іс-әрекеттің өзге де аспектілері талқыланбақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы:

- Барлық жағынан сараптама жасауымыз керек. Келесі отырыста Қарулы Күштерді дамыту мәселесі талқыланады. Біріншіден, Қарулы Күштерді қамтамасыз ету тікелей қауіпсіздік кеңесіне байланысты. Ол оңай шаруа емес, үлкен қаражатты қажет етеді. Бірақ барлық елдер сияқты біз де ондай қаражатты бөлуіміз керек. Екіншіден, өзіміздің Қазақстандағы қару-жарақ жасайтын зауыттар мен фабрикалардың жұмысын қарастыруымыз қажет. Неғұрлым көбірек өзімізде жасасақ, соғұрлым ақша көбірек өзімізде қалады. Тиісінше өнім де көптеп өзімізде шығарылатын болады. Бірақ бұл оңай емес. Бұл жиналысқа жақсылап дайындалуымыз керек. Үкіметтің де, министрліктің де жұмысы көп. Пандемиядан кейін не істеуіміз керек? Әсіресе жұмысы тоқтап қалған кәсіпті қайта жандандыру, жалпы экономика мәселесін қалай шешеміз? Оларға да сараптама жасап, жұмыс жасауымыз керек.