Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің бесінші отырысы өтті

Жиынның күн тәртібіне ең сүбелі деген бес мәселе шығарылды. Саланың жауапты мамандары ұлттық жобаларды әзірлеу, цифрлық даму, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және сот жүйесін реформалау тақырыбында баяндама жасады. Жиынға қатысушылардың баяндамаларын тыңдаған Президент әр ведомствоға ескерту айтып, нақты тапсырма берді. Әсіресе ұлттық жобалар күрделі және бірін-бірі қайталамауы қажет екенін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жобаларды іріктеудің нақты әдістемелік базасы болуы керек. Ол қандай да бір ұлттық жобаның кешенді әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеруі қажет, құжат түсінікті болуы тиіс. Субъективтілікке жол берілмейді. Ұлттық жобалар барлық қажет ресурспен қамтамасыз етіледі, бюджеттен қаржыландыру кезінде де сөзсіз басымдыққа ие болуы тиіс.