Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесті

Әріптесін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды. Мииниханов бұған дейін Қарағанды облысына сапарлап, Саран қаласында дөңгелек шығаратын зауытты іске қосқан болатын. Қазақстан үшін бұл жобаның экономикалық маңызы жоғары. Қос елдің нарықта бірлесіп іске қосқан «Татнефть», «КамАЗ» кәсіпорындарының әлеуетін Президенттер жоғары бағалады. Сауда, экономика, өнеркәсіп саласынан бөлек мәдени-гуманитарлық байланыстарды да нығайта беруге бейілді екендерін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз татар мәдениетін өте жақсы білеміз және құрметтейміз. Сіздердің мәдениеттеріңіз біздің елде кеңінен танымал. Пандемия біткеннен кейін Қазақстанда Татарстан мәдениетінің күндерін өткіземіз деп ойлаймын. Біз бұл іс-шараның табысты өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Елорда көшелерінің біріне татар халқының айтулы ақыны Ғабдолла Тоқайдың есімі беріледі. Бұл да екі халық арасындағы ынтымақтастықтың жарқын белгісінің бірі болмақ.

Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының Президенті:

- Ресей-Қазақстан қарым-қатынастары аясында Татарстан көптеген жобаларды іске асырып жатыр. Екіжақты байланыстардың іргетасы берік. Біздің Тұңғыш Президентіміз Минтемір Шаймиев Сізге дұғай сәлем айтып жатыр. Оның Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен байланысының арқасында өзара қарым-қатынасымыздың негізі мықты қаланған.