Хабар телеарнасы

ҚР Президенті Қ. Тоқаев облыс әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.

Таяуда Түркістан облысында 100 мың халқы бар Сауран ауданы ашылғаны белгілі. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, қазір жаңа әкімдіктің басқару жүйесі мен бюджеті қарастырылып жатыр.

650 мың гектар аумақты алып жатқан ауданның орталығы болып Шорнақ ауылы бекітілді. Әкімнің айтуынша, аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Коронавирустың таралуы бойынша өңір «жасыл аймақта» тұр және вакцина алған тұрғындардың саны 35 мыңнан асты.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та Президентке коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес жайында есеп берді. Өңір қазір «сары аймақта». Соңғы тәулікте облыс аумағына 30 мың доза вакцина жеткізілді. Жалпы саны 19 мыңнан астам адам екпе алды. Мемлекет басшысы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, вакциналау жұмысын жандандыруға қатысты әкімдерге нақты тапсырма берді.