Хабар телеарнасы

Ақорда әлемдегі Президент резиденциялары рейтингісінде алғашқы үштікке енді

Әлемдегі Президент резиденцияларының рейтингісінде алғашқы үштікте екенбіз. Бұл мәртебе ғимараттың тек сыртқы әдемілігіне ғана емес, сәулетшілердің ұтымды шешімі үшін беріліп отыр.

Бір қызығы, Ақорда жобасының байқауына 17 жұмыс келіп түссе, соның үшеуі ғана қазақстандық, ал қалғандары шетелдік сәулетшілердің жобасы болған екен. Сол 3 қазақстандықтың біреуі жеңімпаз атаныпты.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Елорданың сол жағалауындағы бұл алаң елдің әкімшілік жүрегі секілді. Яғни ең басты ғимараттар осы жерде орналасқан. Міне, мынау тұрған Ақорда, ал мына жақта Жоғарғы соттың ғимараты. Сондай-ақ Парламент пен Үкімет үйі де осында. Мұнда келген кез келген жан бұл нысандарды жақсы білсе керек. Бірақ дәл осы ғимараттардың архитектурасын кім жасағанын екінің бірі біле бермейді.

Ағайынды Тортаевтар Ақорданың жобасын сызуға бас-аяғы 6 ай уақытын сарп етіпті. Арнайы комиссия: «Президент резиденциясы тек классикалық емес, әрі заманауи, әрі ұлттық нақышта болуы керек», – деп қатаң талап қояды. Байқауға 17 жұмыс келіп түссе, оның үшеуі ғана қазақстандық, ал өзгесі шетелдік сәулетшілердің жобасы еді. Әбден іріктеліп, ақтық сынға тек төртеуі жіберіледі. Комиссияның да, Елбасының да таңдауы Тортаевтардың жобасына түсті.

Байғұтты Тортаев, сәулетші:

- 5-6 жыл бұрын әлемдегі резиденциялардың қайсысы жақсы деп шетелдің бір фирмасы зерттеу жүргізген екен, сонда Астанаға 2-ші орын беріпті. Бірінші орынды Түркіменстанның Ақ үйіне беріпті. Соған қарағанда біздің жұмысымыз лайықты бағаланған сияқты.  

Байғұтты Тортаев Ақордадан бөлек Үкімет үйі, Жоғарғы сот ғимаратының да жобасын сызған. Бір қызығы, өзі жобалаған осы ғимараттардың кейбіріне әлі күнге дейін бірде-бір рет бас сұғып көрмепті. Тек осыдан бірер жыл бұрын Ақордаға ғана бір рет кіргені бар. Ғимараттың сырты ғана емес, іші де дәл өзі жобалап бергендей безендіріліпті.

Байғұтты Тортаев, сәулетші:

- Мәжіліс залының ішінде қауіпсіздік залы деген бар. Ол жерде қатаң тапсырмалар болады. Сондықтан ішкі бетін сұр түсті етіп таңдап, өз ойымызды айттық. Жасаған кезде соған негізделді.

Ақорданың кіреберіс аумағында ауқымы таңдай қақтырарлық зал орналасқан. Көлемі екі мыңға шаршы метрге жуықтайды. Алайда осынша аумақты ұстап тұрған бірде-бір баған жоқ. Ғимараттың архитектуралық құпиясы да осында. Президенттің жұмыс бөлмесін жобалаған кезде де сәулетші ұтымды шешімдерімен комиссияның көзіне түседі.

Байғұтты Тортаев, сәулетші:

- Келетін қонақтар мына жақтан келсе, Президент өзінің кабинетінен шыға келуі керек. Әр адамның өз жүретін жолы бар. Тәртіп бойынша мына залда 12:00-де кездесу болса, келесі залда 12:00-де тағы да кездесу болуы мүмкін. Сол үшін алдын ала дайындықтар жүріп жатады. Солар бір-бірімен кездеспеуі керек.

Ағайынды сәулетшілердің артынан ерген балалары да түгел осы саланың тізгінін ұстады. Қазір әулетте жалпы саны 10 сәулетші бар. Айтпақшы, еліміздің бірнеше өңірінде пайдалануға берілген Назарбаев зияткерлік мектебі жобасының авторы да осы отбасыдан шыққан.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Таир Мерекенов, Айдос Ентебеков