Хабар телеарнасы

А. Мамин: алдағы үш айда 6 млн адам вакцина алады

Министр сөзін: «Вакцина ектірген дұрыс», - деп бастады. Себебі коронавирустың өршуіне жаңа штамдар түрткі болыпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, британдық штамм әлемнің 130, онтүстік африкалық штамм 80, ал бразилиялық штамм 45 елінде анықталды. Ал біздің елде британдық және оңтүстік африкалық штамдар бар екені расталды. Министрдің айтуынша, британдық штамм анағұрлым қауіпті.

Сонымен министр вакциналау кезеңін үш топқа бөлген. Бірінші болып жұқпалы аурухана, жедел медициналық көмек, реанимация, қабылдау бөлімі мен санэпидқызметтің қызметкерлері жаппай егіледі. Екінші мектеп, ЖОО, мектепке дейінгі білім беру орталықтарының қызметкерлері мен созылмалы ауруы барларға салынады. Үшінші кезекте Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері вакцина қабылдайды.

Естеріңізде болса, Алексей Цой: «Сәуірдің басында отандық өнім дайын болады», - деген еді. Бірақ осы жолы вакцинаның 2 млн дозасы сырттан алынатынын айтты. Бұл вакцина тұрғындардың 23,4% ғана жетеді. Сәйкесінше осы айда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы және Алматы мен Қарағанды облыстарына вакцина жеткізу көлемі ұлғайтылады.

Үкімет басшысы: «Алдағы үш айда 6 млн адам вакцина алады», - деп сеніммен айтты. Сонымен қатар Асқар Мамин денсаулық сақтау жүйесі қажет керек-жарақтармен толық қамтамасыз етілгенін жеткізді. Дәрі-дәрмектің де бір айлық қоры жасақталыпты.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

 - Қазіргі біздің басты міндетіміз – санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алғандардың санын арттыру. Осы бағытта нақты жұмыс ұйымдастырылды. Министрлік вакцинациялау бойынша жоспар әзірледі. Биылғы сәуір, мамыр және маусым айларында өңірлерде ай сайын 2 млн адамға вакцина салу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Премьер-министр жиналғандарға нақты тапсырмалар берді. Орындалуын өзі қадағалайды. Вирустың бетін қайтару – ортақ міндет.