Хабар телеарнасы

Елтаңба авторы Шот-Аман Уәлиханов дүниеден өтті

Елорда төріндегі Кенесары Қасымұлының, Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынұлының, Ерейментаудағы Бөгенбай батыр мен Шығыс Қазақстан облысындағы Абай, Шәкәрімнің ескерткіштері – Шот-Аман Ыдырысұлының шығармашылығынан туған дүниелер болатын. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат отандық сәулет өнерінде ғана емес, қазақ драматургиясында да қолтаңбасын қалдырды. Оның қаламынан туған «Тағдыр», «Шоқанның анты», «Ақнұр», «Террор» атты пьесалар көзі қарақты көрерменнің есінде. Орны толмас қайғыға оның тарихи тұлғасын әспеттеген бүкіл қазақ елі ортақтасып жатыр.

Шот-Аман Уәлихан, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:

- Бір күні түс көрдім. Түсімде Бурабайда жүр екенмін. Көлдің жағасында тұрмын. Бір уақытта көлге қарасам, аққулар малтып жүр. Бір кезде бір аққу тік қанатын көтеріп көкке көтерілді. Екі аяғының ортасында – таба нан. Сөйтіп таба нан күннің көзіне айналып кетті. Қатты сәуле түскесін көзімді жауып, қайта ашсам, күннің көзі дегенім шаңыраққа айналып кетті. Сосын таңертең тұрған соң ақ қағаз алдым да, дөңгелек сыздым. Бір жағына бір қанат, екінші жағына екінші қанат салып, ортасына шаңырақты бейнелеп, астын біріктіріп, «Қазақстан» деп жаздым.