Хабар телеарнасы

«Егемен Қазақстан» газетіне ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мақаласы жарияланды

Қазақтың жері бөлінбейді, бөлшектенбейді, сатылмайды да. Сырт елдің саясаткерлері дүмбілез пікір айтып, дүрдараздық туғызбағаны абзал. Және оған тойтарыс берілуі керек. Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақала жарияланды. Авторы – Қазақстан Республикасының Президенті.

Төрт бөліктен тұратын толғамда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың құндылықтарын түгендеп, бүтіндік, бірлікті меңзеді. Елге қызмет жалаң ұранда емес, нәтижелі істе екенін айтты.

«Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажет», – деді Президент. Қазақ үшін ұлттық мүдде дегеніміз әуелі – Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқаға дейінгі алып атырап. «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ», – деді Мемлекет басшысы. Сондықтан өз жерімізді өзгенің сұғанақ сөзінен де, көзінен де қорғау керек.

«Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді», – деді Президент.

Бірақ өзгеден қорғай тұрып, өзіміз қорламауымыз керек. Президентің пікірінше, жер қадірін білу – жалаң ұранмен өлшенбейді. «Біз биыл туған жеріне жаны ашымайтын қазақстандықтардың қылығын көріп күйіндік». Мемлекет басшысы да бүгін базынасын жеткізді. «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу – жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса шындық», – деді Мемлекет басшысы.

Ел іргесі – ел қауіпсіздігі. Шекарадағы елді мекендердегі тұрғындар саны азайып барады. Президенттің пікірінше, халық тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтардан халқы аз солтүстік пен шығысқа халықты қоныстандыру жұмысын жүйелей түсу қажет. Өткен жылдың 11 айында 1 мың 600 отбасы осылайша қоныс аударған. Бүгін Президент баяулап қалған қандастар көшін де қайта жандандыруды тапсырды. Таным мен тағылым. Тұтас бір бөлім – тарих туралы. Қасіреті көп қатпарлы тарихты бүгінгі буын біліп қана қоймай, құрметтеуі тиіс.

Бүркіт Аяған, тарих ғылымдарының докторы:

– Мақалада Президент ол бұрын айтылмаған еді, 1921-22 жылдардан бастау керек дейді. Президенттің айтып отырған мәселесі – аштықтың болу себебін неден екенін дұрыстап жеткізу.

«Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс», – деді Президент.

Біз мақтанышпен айтып, марқая қарайтын тарихи кейіпкер көп, тек әттең дәріптеуі әлсіз түсіп жатыр. Президент отандық телеарналарға тарихи фильмдер түсіруді тапсырды. Бұл ретте қырғыз бауыр біздің алдымызды орап кетті, бюджеті не бары 1,5 миллион долларға түсірген «Құрманжан датқа» тіпті «Оскардан» үмітті болған.

Бүркіт Аяған, тарих ғылымының докторы:

– Ол кісі айтады, мысалы, Алтын Орда, Ұлық Ұлыс біздің қазіргі төл тарихымыз ғой. Сол туралы неге фильм шығармасқа деп. Бұл өте жақсы сұрақ. Глобальный фильм шығарғымыз келсе, тақырып керемет болып тұр. Мұндай тақырып Еуропада жоқ, Америка елінде жоқ, Ресейдің өзінде де жоқ керек болса. Ал бізде бар.

Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл толады. Президент Желтоқсан қаһармандарын – азаттықтың алғашқы қарлығаштары деп атады. «Олардың ерлігі лайықты бағасын алуы керек» деп қосты. «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы тиіс» деген Президент Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу қолға алуды тапсырды.

Сонымен қатар Президент шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынады. Тіл демекші, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін білмейтін азаматтарға Үндеу жасады.

«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма Үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бүгінгі мақаласында азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды.

Ақберен Елгезек, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары:

– Бұл, әрине, қуанатын дүние. Себебі бұл жастарға үлкен мотивация береді. Қай салада болмасын. Ғылым, әдебиет болсын, спорт болсын. Сол себептен біз бұны тек қана қолдаймыз. Енді бізде қазір әдебиетте осы тәуелсіздік жылдары үлкен бір буын қалыптасты прозада болсын, поэзияда болсын, драматургияда болсын. Сол себептен оны естіп жатқан біз ақын-жазушыларымызда қуанышпен қабылдап жатыр бұл хабарды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Тарихи өлшеммен алғанда соншалықты мол мерзім емес. Бірақ сіз бен біздің маңдайымызға бұйырған бақ бірігіп бағындырған белеске айналды. Президент өткен үш онжылдықтың еншісіндегі іргелі істерді сипаттап жазады. Хош. Алда төртінші онжылдық, оның өз міндеті бар. Ол –әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру. Ал ең бастысы – тәуелсіздікті сақтау, оны нығайту.

«Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Президент әрбір қазақстандық көзінің қарашығындай сақтауы тиіс үш құндылықты атайды. Олар: жер, тіл және бірлік. Ал осы үшеуі сақталса, бәрінен де қымбат тәуелсіздік тұғырынан таймайды. Пайым осы.

Авторы: Гүлжан Марқабаева