Хабар телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан әлем мойындаған іргелі елге айналды

Үстірт пен қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагеріміз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күнімен құттықтауында осылай деді.

Бабадан мирас болған қастерлі жерімізді көздің қарашығындай сақтау, тәуелсіздігімізді баянды ету, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету – бәріміздің асыл борышымыз. Осылай деген Елбасы Қазақстанды өркениетті 30 елдің қатарына қосу үшін аянбай қызмет етуге шақырды.

Озық отыздыққа қосылуға талпынған ел тағы бір ердің жасын еңсерді, отыз жылдығына қадам басты. Ата-бабаның ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, 29 жыл бұрын Тәуелсіз мемлекет атандық. Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлем картасына Қазақстан атын ойып жаздық», – деді. Сол сәттен бастап егемен елдің жаңа тарихы басталды. Әр жеңіс, әрбір жетістік –Тәуелсіздіктің тартуы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Біз елдігіміз бен егемендігімізді нығайтып, шекарамызды бекіттік. Бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық. Қазақстан әлем мойындаған іргелі елге айналды. Еуразия жүрегінде жаңа астанамызды салдық.

Еуразия жүрегіндегі Нұр-Сұлтан шаһары шартарапқа әйгілі. Елмен бірге өркендеген астана – қазақтың абыройын асқақтатты, тәуелсіздікпен біте қайнасып кеткен ұғымға айналды. Ал татулық пен келісім, елдің тұрақтылығы – берекенің бастауы. Елбасы құттықтауында: «Көпұлтты халқымызды бәсі бөлек артықшылыққа айналдырдық», – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Тәуелсіздікті алып, оны дүниеге паш ету бір бөлек, ал сол тәуелсіздікті сақтап қалу одан да зор міндет. Біз осы жылдар ішінде бұрынғы Кеңес одағы құлаған тұста дүниедегі ең үлкен экономикалық дағдарысты артқа тастап, қазіргі жаһандық пандемияны да еңсеріп отырмыз. Басымызға түскен сынақтар бізді шыңдап, рухымызды күшейтіп, жігерімізді арттырды, ортақ мақсатқа жұмылуымызға түрткі болды.

Тұрақты экономика, тұрақты саясат және тұрақты қоғам. Қазақстан осы үш ұстанымға берік, осы үштаған түзу жолға бастады. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы – жабылған зауыт-фабрикалар, берекесі қашқан ауыл-аймақ, құлдыраған сан сала. Мұның бәрі өткен күн, алайда елдің есінде бар көрініс. Өтпелі кезеңнің қиындығы шыңдады, «Тәуелсіздік» дейтін тәтті ұғым талай сынақтан алып шықты. Талай сынақ табысқа жетеледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Біз – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз. Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагеріміз. Бұл – ата-бабамыздың аманаты. Осыны ешқашан ұмытпауымыз керек. Бабадан мирас болған қастерлі жерімізді көздің қарашығындай сақтау, тәуелсіздігімізді баянды ету, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету – бәріміздің асыл борышымыз.

«Осы жылдар ішінде Қазақстан айтарлықтай өсіп-өркендеді, айтулы жетістіктерге жетті», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Тәуелсіз ел – былайғы жұртқа татулықтың мекені ғана емес, алты құрлықтағы алыптар санасатын, қоңсыластарға қадірлі мемлекет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Счастлив, что именно на долю моего поколения выпала эта честь – возродить государственность казахской нации. Благодарен судьбе за этот бесценный дар быть в это сложное время вместе с моим народом, моими друзьями и соратниками. Заложенные основы новой государственности стали фундаментом для строительства сильного, независимого и процветающего Казахстана. Я горжусь тем, что именно мне выпала великая честь возрождения и становления страны.

Жүріп-өткен жол оңай болмады, бірақ өнегеге толы. Өз құттықтауында Елбасы: «Қазақстан халқының қолдауының арқасында қазіргі Қазақстан қалыптастырдық», – деді.

Елдің бірлігі кез келген қиындықты еңсереді. Тәуелсіздіктің негізгі құндылығын көздің қарашығындай сақтай білсек, жеңіс жалғаса бермек. Елбасы осыны бас айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Біздің бағындырар белесіміз бен шығар шыңымыз әлі алда! Баршаңызды сол мақсаттарға қол жеткізіп, Қазақстанды өркениетті отыз елдің қатарына қосу үшін аянбай қызмет етуге шақырамын. Осынау айтулы мерекеде сіздердің шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!

Азат ел атану талайға арман. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ тәуелсіздіктің қадірін біледі. Елбасы: «Отыз жылдыққа қадам басқан еліміздің жаңа дәуірі басталды», – деді.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Дулат Ентебеков