Хабар телеарнасы

Елбасы «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форумға қатысты

Форумда «Ел үміті» бастамасының жеңімпаздары марапатталып, өңірлерде 8 оңалту орталығы ашылды. Жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Талантты жасты тану, танып қана қоймай, талабын ұштау, колдау көрсету – «Ел үміті» бастамасының діттегені осы. Ал «Қамқорлық» жобасы – инклюзивті қоғамды дамытуды көздейтін әлеуметтік бағыт. Оның мақсаты – азаматтарға тең мүмкіндік жасау. Форумда Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап мемлекет бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу ісіне айрықша көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш ПрезидентіЕлбасы:

- «Ел үміті» мен «Қамқорлық» жалпыұлттық бастамаларының өкілдерімен кездесіп, сіздердің лебіздеріңізді тыңдап отырғаныма өте қуаныштымын. Біз тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарынан бастап жастардың бәсекеге қабілетті болуын арттыруға мән беріп келе жатырмыз. Алдағы уақытта да осындай ұстанымға берік болуымыз керек.

Алмағайып уақытта одан әрі қарай дамудың негізін бекемдеу қоғам үшін аса маңызды. Елбасы бұл мәселеге жеке тоқталды және жастарға сенім артты.

Онлайн-форум барысында «Ел үміті» бастамасының жүлдегерлері марапатталды. «Елбасы медалі» жобасының қола медальдері табысталды. Бұл – талантты және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге арналған, Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауымен іске асатын бірегей жоба.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Былтыр Жастар жылының аясында дарынды балаларды қолдау үшін «Ел үміті» бастамасын ұсынған болатынмын. Бұл – жастардың қабілеті мен кәсіби біліктілігін дамытуға арналған жоба. Сонымен қатар біз тағы бір маңызды бастаманы, «Қамқорлық» жобасын жүзеге асырдық. Бүгін біз осы бастамалардың нәтижелерімен танысып, істеген ісімізді халыққа паш етіп отырмыз.

Спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, саяхат пен еңбек тәжірибесі. Осындай жеті саланы қамтыған «Ел үміті» бағдарламасында қазіргі уақытта 11 мыңнан астам қатысушы, 600 тәлімгер, 17 өңірлік үйлестіруші мен сарапшы бақ сынап жатыр. Форум кезінде 300 қатысушы қола медальмен марапатталды.

Әсемай Тәуіпбаева, «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері:

- Елбасының сөзінен бетер, ол кісінің көзіне қарап-ақ барлығын түсінуге болады. «Болашақ жастардың қолында, болашаққа ұмтылыңдар, жастар барлығы сіздерге байланысты», – деді. Соның бәрін тыңдап отырған жастарды бір сілкіндіріп алған сөз, меніңше. Әлбетте, Елбасының сөзінен қанаттанамын.

Камелия Баймұханбет, «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері:

- Қола медалін алу үшін 5 бағыт бойынша жұмыс жасадық. Оның ішінде игі іс, волонтерлік бар. Ол бойынша көптеген тапсырма орындадым. Оның бірі Атырау облысындағы саябақта 100 ағаш ектік. Осы жұмыстарды жобаға қатыспай тұрып та жасағанмын. Сондай-ақ жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз еттік.

Ең беделді халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлде алған мектеп оқушылары мен олардың жаттықтырушы-тәлімгерлері «Ел мақтанышы» сыйлығымен марапатталды. Сыйақы қомақты – 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін. Былтыр сыйлық математика, информатика, физика, химия, биология, лингвистика және география бойынша халықаралық олимпиадалардың 20 жеңімпазына және олардың 25 жаттықтырушысына берілсе, биыл 11 оқушы оқ бойы озық шықты. 17 тәлімгер марапатқа лайықты деп танылды.

«Мың бала». Биылғы жылдың ірі жобаларының бірі. Ауыл оқушыларына арналған алғашқы олимпиада 5 және 6-сынып оқушыларының арасында өтті. 4 266 ауыл мектебінің 295 мың оқушысы, 600 мың ата-ана мен педагог қатысты. Солардың ішінен мың жеңімпаз анықталды.

Өңірлерде 8 оңалту орталығы ашылды

Форум барысында жеңімпаздарды марапаттаудан бөлек, 8 өңірде оңалту орталықтары ашылды. Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан облысытары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы орталықтар «Қамқорлық» бастамасының аясында жүзеге асты.

8 орталықтың бірі Оралдағы облыстық балалар ауруханасының ғимаратында ашылды. Жоба «Самұрық-Қазына» есебінен қаржыландырылды. Орталықты сапалы медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге 170 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Ал қажетті мамандар даярлауға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мұрындық болды. Елордада кәсіби біліктілігін арттырған 29 маман енді осында қызмет атқарады.

Жадыра Сәрсенғазиева, оңалту орталығының меңгерушісі:

- Түрлі кабинет жұмыс жасайтын болады. Оның ішінде дефектолог, психолог, логопед және емдік дене шынықтыру саласындағы мамандар жұмыс жасайтын болады. Еш оңалту орталығында жоқ аппараттар, сонымен қатар биологиялық кері байланыс аппараттары, робототехника және вертикализатор, т.б. бар .

Ауруханалар жанындағы орталықтардың, мектептердің қасындағы кабинеттердің қызмет көрсетуі кешенді оңалту жүргізуге жағдай жасайды.

Әлкей Марғұланұлы, «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» атқарушы директорының орынбасары:

- «Қамқорлық» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде біз тек қана «Қамқорлық» орталықтарын ғана салып, оларды күрделі жөндеуден өткізіп қана қоймай, оның толыққанды 12 мемлекеттен тікелей зауыттардан технологияларды сатып алып, және оларды жұмыс істейтін 220 маманның біліктілігін қайта көтеру курсынан өткіздірдік.

Форум барысында Елбасы келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Жастарды ел дамуына өз үлесін қосуға үндеді.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Ділмұрат Сейдахаров