Хабар телеарнасы

Қ.Тоқаев: Мемлекеттік Туды кеңінен қолдану қажет

Соңғы кездері қалың бұқараның арасында үлкен талқыға түсіп жатқан тақырыпқа Мемлекет басшысы да бейжай қарамайтындығын көрсетті. Көп ұзамай тәуелсіз Қазақстанның көгінде желбіреп тұрған көк Туды қолдану аясы кеңеюі мүмкін.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәмізді құрметтеу және осы арқылы азаматтардың бойындағы патриоттық рухты көтеру үшін не істеу қажеттігі туралы ойымен бөлісті.

«Мемлекеттік Туды кеңінен қолдану қажет. Мен патриот азаматтардың мұндай ұсынысын қолдаймын». Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында осылай деп жазды.

Сондай-ақ Президент Мемлекеттік рәміздерді қолдану ережесін қайта қарауды ұсынды. «Қолданыстағы заңнамада Туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына Ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет», – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің twitter-дегі парақшасында.