Хабар телеарнасы

Мәжілісте Экологиялық кодекс жобасы талқыланды

Қоршаған ортаға келген зиян көлемі қанша болса, соған лайықты төлемдер жасалуы тиіс. Ол үшін ауаның ластану деңгейін анықтайтын арнайы датчиктер орнатылмақ. Мәжілісте Экологиялық кодекс жобасын талқылау барысында халықтың денсаулығына зиян келтірмей, кәсіпорындарды да тығырыққа тіремей, мәселені оңтайлы шешудің жолдары талқыланды. Президент биылғы Жолдауында жыл соңына дейін Парламентке Экологиялық кодекстің жаңа жобасын әзірлеуді тапсырған болатын.

Экологиялық қауіпсіздік – ел Президенті қойып отырған міндет. Мәжіліс депутаттары кодекс құжатын сарапшы экологтар, қоғам белсенділерімен бірге талқылауда. Экология министрлігі 2021 жылы арнайы тексеріспен ірі өнеркәсіптік 50 нысанның тізімін жасамақ. Олар зиянды қалдықтар үшін айыппұл төлейді. Еуропа елдеріндегідей ауаға бөлінетін зиянды азайту үшін үздік технологиялар қажет. Мәжіліс депутаттары үздік қолжетімді технологияларды қолданып, кешенді экологиялық рұқсаттамаларға көшу нормасына тоқталды. Талапты 2025 жылдан ерте орындаған кәсіпорындар эмиссиялық төлемдерден босатылмақ.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Ең үздік қолжетімді технологияларды қолдану арқылы біз қазіргі экологиялық проблеманы шешуді жоспарлап отырмыз. Технологиялық процестерді жаңғырту арқылы қоршаған ортаны ластау деңгейін төмендетеміз. Еуроодақ елдері үздік қолжетімді технологияны енгізуге 15 жыл уақыт жұмсады. Бұл жылдам жасалатын дүние емес.

Әрине, соңғы үлгідегі қолжетімді технологияларды енгізу оңай шағылар жаңғақ емес. Демек, талапты орындап үлгермейтін нысандар болары хақ. Мәжіліс депутаттары олардың қарыздың астында көміліп қалмауына назар аудартты.

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Егер үздік қолжетімді технологияларды енгізіп, бірақ қандай да бір жекелеген көрсеткіштер бойынша белгіленген нормативтерге қол жеткізе алмаған жағдайда осындай кәсіпорындар не істеу керек?

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Он жыл беріледі, 2025 жылдан 2035 жылға дейін. Он жылдан кейін егер кәсіпорын мойнына алған міндеттемелерді орындамаса, төленген салық төлемдер сол мекемеден бюджетке қайта қайтарылуы тиіс. Егер 70% орындалса, тек 30% ғана орындалмаған жағдайда кәсіпорындарға қосымша бір жыл беріледі.

Осы ретте Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин кәсіпорындарды тығырыққа тіремеуді алға тартты. «Өндіріс көлемі кеміп, жұмыс орындары қысқармауы қажет», – деді Мәжіліс спикері. Керісінше кәсіпорындар қайта жарақтандырылуы тиіс. Депутаттар сондай-ақ елімізде ЕАЭО-ның техникалық регламентіне сай келмейтін көлік шығарып, пайдалануға тыйым салатын нормаға қатысты алаңдаушылығын білдірді.

Мұрат Теміржанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өндіріске қатысты келісуге болады, ал пайдалануға қатысты мәселе сұрақ тудырады. Себебі бұл жерде ауыл тұрғындары қиналып қалады.

Мәселе жұмыс тобында қаралатын болды. Экология министрі шаруалар техникасын істен шыққанша пайдаланады деді де, кезең-кезеңмен іске асыруға уәде берді. Кодекс жобасында экологиялық сақтандыру І санаттағы нысандарға ғана міндеттелген. Ал Мәжіліс депутаттары бұл талап барлық деңгейдегі кәсіпорынға біркелкі қойылуы тиіс деп отыр. Себебі елімізде ІІ санаттағы екі мың, ІІІ санаттағы үш мың кәсіпорын экологиялық қауіпті нысан саналады.

Айгүл Соловьева, Қазақстанның Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы:

- Мәжілістің жұмыс топтарында қызу талқылау жүріп жатыр. Экологиялық кодекстің жасыл экономиканы дамытуға қатысты тұсы аса маңызды. Мақсаттарды орындау үшін экономикалық механизмдерді нақтылау керек.

Дмитрий Калмыков, «Қарағанды экологиялық музейі» ҚБ жетекшісі:

- Эколог ретінде айтарым, экономиканы сауықтыру, жасылдандырудың басты көрсеткіші – қандай көлемде болса да зиянды қалдықтарды төмендету. Бұл ретте үздік технологиялар енгізу, қайта жарақтандырудың баламасы жоқ.

Мәжіліс алаңында сарапшы экологтар, отандық ірі кәсіпорын басшылары, қоғам белсенділері өз ойларын ашық айтып, ұсыныстарын жеткізе алды.

Ғалым Байтұқ, қоғамдық қор президенті, блогер:

- Экологиялық білім мәселесі де өзекті. Қазір университеттерде сала мамандары үшін оқулықтарға жаңа ұғымдарды енгізу қажет. «Үздік қолжетімді технологиялар» деген сөз тіркестерін студенттер білмейді.

Мұрат Әбенов, «Серпін» білім және инновациялар ұлттық палатасының президенті:

- Қоғам көтерген барлық сұрақ кодекске енгізілді. Парламентке келген жоба қазір айтарлықтай өзгеріп отыр. Айыппұл мәселесін реттеуге қатысты көп ұсыныс айтылды. Мәжілістің барлық тарап мүддесін ескергені көңілге қонымды.

Вадим Басин, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры:

- Экологияның қауіпсіздігімен қоса кәсіпорындардың әрі қарай дамуына жағдай жасалып отыр. Мен осыған қуаныштымын.

Сөйтіп ауаның ластану деңгейін тексеретін датчиктер барлық жерде орнатылады. Бес жылда жаңа технологиялар келеді, оған дейін компаниялар айыппұлдың астында қалмауы үшін жоба өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай алып шығатындай реттелуі тиіс. Мәжіліс спикері: «Экологиямен қоса экономиканың еңсесін тіктеу де қалыс қалмауы қажет», – деді.

Авторы: Индира Жылқайдарова